Жамбыл облысының прокурорлары жетім қалған 20 баланың тұрғын үйге қатысты құқықтарын қорғады
Биыл олар тұрғын үй саласына тексеру жүргізіп, Қордай, Шу аудандарында және Тараз қаласында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.
Жергілікті атқарушы органдар пәтер кезегін сақтамай, мұқтаж балаларға тұрғын үй бермегені белгілі болды. Аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары бұл санатты азаматтарды байқаусызда өткізіп алғандарын түсіндірді. Олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана бөлген кезде жетім балаларға кемінде 20% үлес қарастырылуы керек екенін ескермеген.
Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Жүсіп Берлібайдың айтуынша:
– Қадағалау актілерінің нәтижесінде Қордай және Шу аудандарында жауапты тұлғаларға сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Сонымен қатар, жетім балалардың тұрғын үй кезегіне уақытылы қойылмау фактілері анықталды. Осы қадағалау актілерінің аясында бүгінгі күні 93 бала тұрғын үй кезегіне қойылды.