Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту жұмыстары күшейтіледі
Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытуға басымдық берілмек. Негізгі бағыттардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтау, мамандандырылған инфрақұрылымды кеңейту және бейінді кадрларды даярлау бар. Қазіргі таңда елімізде жүздеген арнайы ұйым жұмыс істейді. Дегенмен мамандар мен мекемелерге деген қажеттілік әлі де жоғары.
Арайлым Құмаржанованың қызы туа біткен жұлын жарығымен дүниеге келген. Ол 10 жылдан астам уақыттан бері Ұлттық балаларды оңалту орталығында ем қабылдап келеді. Мұнда үш апта бойы емдік дене шынықтыру, массаж, физиотерапия, су терапиясы және педагогтермен сабақтарды қамтитын кешенді оңалту шараларынан тегін өтеді. Отбасы үшін мемлекеттің мұндай көмегі аса маңызды. Бұл көмек қыздың физикалық жағдайын жақсартып қана қоймай, өз бетінше әрекет ету дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Арайлым Құмаржанова, Астана қаласының тұрғыны:
— Әлеуметтік-тұрмыстық оңалту дегеніміз – баланы тек жүруге ғана емес, өзіне-өзі қызмет көрсетуге, киінуге, тісін тазалауға үйрету екенін түсіну керек. Мысалы, арбаға таңылған бала мұның бәрін өздігінен жасай алмайды. Тіпті төсектен арбаға немесе орындықтан арбаға ауысып отыра алмайды, тісін тазалап, киіне алмайды. Мұнда осының бәріне үйретеді. Ал өңірлерде мұндай орталықтар жоқтың қасы. Осындай орталықтардың баламалары бүкіл Қазақстан бойынша қажет.
Бүгінде мұндай көмек аутизм спектрінің бұзылыстары, церебралды сал ауруы, нейроинфекция салдары және туа біткен даму ақаулары бар мыңдаған қазақстандық балаға қажет. Бұл ретте мамандандырылған орталықтардың мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, көмекті баланың ең ерте жасынан бастап көрсететін жүйе қалыптастыру маңызды. Ол даму ерекшеліктері анықталған сәттен басталып, баланың өсу кезеңдерінің барлығында жалғасуы тиіс.
Айгүл Алтынбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің физикалық медицина және оңалту жөніндегі бас штаттан тыс маманы:
— Диагноз алғаш рет қойылған кезде әрбір ата-ана үшін бұл – үлкен күйзеліс. Ең алдымен, ата-аналар тұрғылықты жеріндегі учаскелік дәрігерге жүгінуі керек. Ол баланы тиісті мамандар мен мекемелерге жолдау бағытын айқындайды. Оңалту шаралары функционалдық бұзылыстардың деңгейіне қарай ең қарапайым көмектен басталады. Одан кейін аудандық, облыстық деңгейде жалғасады. Ал жоғары технологиялық, инновациялық оңалтуды қажет ететін күрделі жағдайларда балалар республикалық орталықтарға жіберіледі.
Мұндай көмектің қолжетімділігі инфрақұрылымға тікелей байланысты. Бүгінде елімізде мектептерді, балабақшаларды, консультациялық пункттерді, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен түрлі бағыттағы орталықтарды қоса алғанда, 540 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Соған қарамастан, әсіресе шалғай аудандарда мұндай мекемелерге деген қажеттілік жоғары. Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы инклюзивті инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Үкімет әкімдермен бірлесіп, инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы керек. Ауқымды құрылыс жұмыстары кезінде бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Мамандар тапшылығын жоюға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтауға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмыста «Қазақстан халқына» қорының белсенді қолдауына сенім артамын.
Салалық ведомствоның мәліметінше, бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 11 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Сонымен қатар балалармен жеке тәртіпте 7,5 мың педагог-ассистент пен 250 жеке көмекші айналысады. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл әзірге жеткіліксіз. Тағы 3,5 мың арнайы педагог қажет. Олардың қатарында логопедтер, олигофренопедагогтер, тифлопедагогтер және сурдопедагогтер бар.
Ажар Сағандықова, Құрылтай депутаты:
— Қазір жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждерде арнайы педагог, әлеуметтік педагог, логопед сияқты мамандықтар бойынша кадрлар даярланып жатыр. Әртүрлі бағыттағы мамандарды даярлау қолға алынды.
Алайда бұл мамандықтар бойынша қабылдау жақында ғана басталғандықтан, әзірге түлектер саны жеткіліксіз. Менің ойымша, алдағы уақытта кадр тапшылығы біртіндеп шешіледі. Өйткені көптеген мұғалімдердің қайта даярлау курстарынан өтіп, тиісті сертификаттар алып жатқанын білемін. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу және мектептерде инклюзивті білім беруді дамыту үшін біліктілігін арттырып жатыр.
Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, мамандарды қайта даярлау, мұғалімдерге арналған қосымша курстар ұйымдастыру және ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсету көзделген. Мұның бәрі әрбір баланың сапалы білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.