Қазақстанда дәрі-дәрмектер белгіленген бағадан қымбат сатылған: жүздеген заңбұзушылық анықталды

Қазақстанда 2026 жылы 788 субъектінің дәрілік заттарды өткізу кезінде заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды. Олардың қатарында дәріханаларда тегін дәрі-дәрмектерді сату және препараттарды белгіленген шекті бағадан жоғары өткізу фактілері бар.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2024 жылы енгізілген дәрілік заттарды таңбалау жүйесі олардың айналымын қадағалауға, қорларды басқаруға және бағаларды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
– 2026 жылы цифрлық мониторинг барысында 788 субъектінің дәрілік заттарды айналымнан қайта шығаруы, тегін препараттарды бөлшек сауда желісінде сатуы, сондай-ақ оларды шекті бағадан жоғары бағамен өткізуіне байланысты заңбұзушылықтар анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 10 есе өсті. Анықталған фактілер бойынша заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде дәріханаларда тегін дәрілік заттарды сату жағдайларының саны 20 есе қысқарды, – деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Үкімет отырысында.
Бұдан бөлек, таңбалау жүйесі медициналық ұйымдардағы дәрілік препараттардың көлемі мен бағасын бақылауға мүмкіндік береді.
– Мәселен, жедел респираторлық инфекциялармен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуіне дайындық аясында вирусқа қарсы препараттардың 123 миллион қаптамасы бар екені анықталды. Бұл қажетті дәрілік заттар қорының жеткілікті екенін көрсетеді. Бағаларға жүргізілген цифрлық мониторинг нәтижесінде айналымдағы дәрілік заттардың 50 пайыздан астамының бағасы тұрақты екені, ал 799 атау бойынша бағаның төмендегені анықталды, – деп атап өтті министр.
Ақмарал Әлназарова еске салғандай, нарықтағы дәрілік препараттардың ассортиментін кеңейту мақсатында барлық рецептісіз берілетін дәрілерге, сондай-ақ құны бір айлық есептік көрсеткіштен төмен рецептімен берілетін препараттарға мемлекеттік баға реттеуі алынып тасталды. Бұл шараның алғашқы нәтижелері мемлекеттік реттеуден шығарылған дәрілік заттардың 90 пайызының бағасы төмендегенін көрсетті.
Таңбалау жүйесін қолдану аясы да кеңейіп келеді. 2026 жылғы қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау енгізілді, ал 2027 жылғы 1 наурыздан бастап медициналық бұйымдарды таңбалау жүйесін енгізу жоспарланған.
Сондай-ақ Қазақстандағы дәріханалар саны 10 мыңнан асқаны туралы хабарлаған болатынбыз.