Қазақстандық дәрігерлер алғаш рет 8 және 12 айлық кішкентай, салмағы төмен екі науқасқа туысқан донорлардан бауыр трансплантациясын жасады.
Трансплантация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының мәліметі бойынша 2012 жылдан бері Қазақстан Республикасында 500-ден астам бауыр трансплантациясы, оның ішінде университет медицина орталығының Ана мен бала орталығында балаларға 20 бауыр трансплантациясы жасалған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
«Мұндай операциялардың ерекшелігі декомпенсацияланған бауыр жеткіліксіздігі, өте ауыр тұрақсыз жағдай болып табылады, салмағы төмен науқастарға бауыр трансплантациялау операциясы Балалардың денсаулығы мен дамуының ұлттық орталығынан (Жапония) жетекші трансплантолог-хирург пен реаниматологтың шақыруымен мастер-класс аясында өткізілді», — деп хабарлады ведомстводан.
Бауырдың ауыр жеткіліксіздігі бар науқастар үшін адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі — донорлық органдарды трансплантациялау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының донорлық және трансплантация жөніндегі жаһандық обсерваториясының мәліметі бойынша, жыл сайын дүние жүзінде 100 800 трансплантация жасалады, оның 10 600-і бауыр трансплантаты болып табылады, бұл әлемде жиілігі бойынша екінші орында.