Бүгінде тұрғын үй кезегіне 20 мыңнан астам адам кезекте тұр. Жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға 1800-1900 пәтер берілу жоспарда бар, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Астана әкімі Бахыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесуінде әлеуметтік қолдау шаралары жайлы сөз қозғады. Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта баспана кезегінде тұрған адамдардың саны 20 мыңға жеткен. Олардың басым көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни көпбалалы отбасылар, жағдайы төмен азаматтар, мүгедектігі бар адамдар, жатады.
«Өткен жылы бөлінген бюджет қаражатына сәйкес, аталмыш кезекте тұрған адамдарға 188 пәтер бөлінген. Осы жылы қосымша бөлінген қаражаттың арқасында жылдың аяғына дейін 1800-1900 пәтер үлестіру жоспарлануда.Алдағы уақытта баспанаға кезек бұрынғыдан жылдам жүретін болады»,- деді Сұлтанов.
Ақпарат: TURAN TIMES