Елордада еңбек нарығын реттеуді жүзеге асыратын Халықты жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 6000-ға жуық азамат жүгінген. Бүгін таңда 3800-ден астам адам жұмысқа орналастырылды. Ал оның 1700-ден астамы тұрақты жұмысқа тұрды, — деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордада жүргізіліп жататын үздіксіз құрылыс нәтижесінде құрылыс саласының мамандарына сұраныс көп. Оның ішінде прораб, шебер, тас қалаушы, арматурашы, инженер-сметашы, бетоншы, кран-машинисті, ТҚҰ инженері, түрлі жұмыс істеуші жұмысшылар қажет.
Сонымен қатар Президенттің бастамасымен өткен жылы енгізілген «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы биыл да жалғасады.
2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында 21 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобаларды жүзеге асыру аясында 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның 50%-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асырылады.
Бас қалада қоғамдық тамақтану саласының мамандары сұранысы жоғары. Әсіресе наубайшы, аспаз, түрлі тағамдар цехына аспаз, ас-үй қызметкерін іздейтіндер көп. Елордада кондитерлерге сұраныс көбейген.
Пандемиядан кейін бүгінде денсаулық саласының қызметкерлерінің жетіспеушілігі байқалады.
Электронды еңбек биржасының (www.enbek.kz) порталына 45 000-нан астам мекеме тіркелген. Қазіргі уақытта 1 039 мекеме жұмыскер іздейді. Ол жерде 7 064 бос орын бар.
Қазір Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 120 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуларға жіберілді. Жеке кәсіп бастаймын деген жаңа бизнес идеясы бар жобаларға 61 мемлекеттік грант берілді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Бастау бизнес» жобасы бойынша 700 адамға жолдама берілді.
Источник: astana.gov.kz