Қазақстанның астанасынан алыс емес жерде Қосшы ауылы бар. Бұл ауылды қазірдің өзінде қала деп айтуға болады. Мұнда 50 мыңға жуық тұрғын бар, көптеген жаңа тұрғын үйлер, көптеген дүкендер, кафелер және т.с.с жеткілікті. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі Нұр-Сұлтанда жұмыс істейді. Олар үшін астана жай қала ғана. Жасы келген тұрғындар мегаполиске көшуге ұмтылмайды, ал жастар жағы мегаполистегі сауда орталықтарын әңгіме барысында еске алады, дегенмен олар да ауылда тұру мүмкіндігін бағалайды. Қазіргі уақытта Қосшы ауылын облыстық маңызы бар қала санатына жатқызу туралы мәселе қоғамдық талқылауға шығарылды.
Ауылға барып қайтқан журналисттер қоқыстың көп мөлшерін атап өтті. Пакеттер, бөтелкелер, тамақ қалдықтары — бәрі көше бойында және ауылдың аулаларында шашылып жатқанын көруге болады.
Көпқабатты үйлердің жанындағы қоқыс контейнерлері толып жатыр, қоқыс салатын пакеттер қоқыс салатын контейнерлері қасында үйілген. Адамдар ескі жиһаздарын да осында қалдырады.
Тіпті бөлек «пластикалық» алаңдар бар.
«Қоқыс жәшігі — бұл қорқыныш орны. Бұрын қоқыс ара-тұра шығарылып тұратын еді, қазір қоқыс шығару сиреген», — дейді жергілікті тұрғын.
«Бір жағынан қоқыс үнемі шығарылмайды, екіншіден, адамдар да кінәлі, олар ескі жиһаздарын үйіп тастайды» — дейді осы ауылда 20 жылдай тұрған тұрғын.
Жаңадан салынған ғимараттар аулаларына асфальт төселген, ал ескі кеңестік төрт қабатты үйлердің аулаларында асфальттың орнына шаңы бұрқыраған жер мен ескі әткеншектер.
Контраст әлемі
Төрт қабатты ескі үйлердің тұрғындары өз үйлеріне шағымданбайды. Олардың айтуынша олардың тұрғын үйлері көршілес жаңа ғимараттардан еш кем түспейді, тіпті мүмкін әлдеқайда сенімді екені сөзсіз.
«Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында салынған бұл үйлердің негізі жақсы, жылы», — дейді пәтер жалдаушылар. Ауыл тұрғындары үйлерінің сырт жағында картоп алқабы болғанын, қазір ауыл сол бағытта өсіп келе жатқанын айтуда.
21 жастағы Ержан есімді жігіт Қосшы ауылында дүниеге келген. «Мен үйге күндіз қайтамын, кешке дейін ұйықтаймын, содан кейін кешкі ас әзірлеймін, ал ертең жұмысыма ораламын», — дейді Ержан. Ол осы ауылда күзетші болып жұмыс істейді.
Ол жұмысына байланысты қазір достарымен кездеспейтінін айтты. Жалақысы 105 мың теңге, егер қаласаңыз бір күннен артық уақыт жұмыс істесеңіз, 200 мың теңгеге дейін жалақы алуға болатынын айтады. Бірақ Ержан жалақысы өзіне жеткілікті дейді. Ол ата-анасымен бірге тұрады.
«Жақында бір аптаға демалыс алып, серуендеп, бой жазып алмақшымын. Қаладағы сауда орталықтарына бармағалы қай заман. Бірақ ол жаққа көшкім келмейді», — дейді Ержан.
«Жалпы бұл жер тыныш, тек ұшақтардың ұшқаны ғана естіледі (әуежай жақын жерде орналасқан). Ұшақтар түнде де, күндіз де үнемі ұшып жатады», — дейді Сергей, «Лесная Поляна» деп аталатын аудандағы жаңа үйлердің тұрғыны.
«Қазір дүкендер көп, бастапқыда бұл жер бос болатын», — дейді келесі бір тұрғын.
Ауыл ішіндегі жолдар өте нашар. Бірақ оған бәрібір қаладан гөрі ауылдағы өмір ұнайтынын алға тартты. «Елордада өмір тым жанталас», — дейді ол елорда туралы.
Жергілікті кәсіпкер Гүлнұр үшін қоқыс, қар, мұз және еріген су жыл сайынғы тұрақты проблемаға айналған. Гүлнұрдың тұрғын үй жертөлесінде дәріханасы бар. Бірнеше жылдан бері жертөлені басатын су тасқынымен күресумен келеді, дәріхананың кіреберісіндегі күнқағардың тесіктерін жамап әуре болып жүргенін айтуда. «Төбедегі мұз өтіп бара жатқан адам басына құлап қалса ше? – деген уайым ғой менікі», — дейді кәсіпкер.
«Лесная поляна» ауданында адам көп жиналатын жер – саябақ. Кешкі уақытта және демалыс күндері адамның көптігінен бұл жерде ине шаншар жер қалмайды екен.
Бұл жергілікті оқушылардың бос уақытын өткізетін орын болып шықты. Мектеп оқушылары өздерінің ауылдары жақын арада қала бола алатындығын алға тартты.
«Иә, біздің ауыл облыстық маңызы бар қала болады деп жоспарланып отыр», — дейді оқушылар. Бірақ біз үшін бұл қуанатын жағдай емес, себебі ҰБТ барысында біз ауыл тұрғындары ретінде қосымша балл алатын едік», — дейді мектеп оқушылары.
«Бізге бұл жерде жақсы жолдар керек, қоқыс мәселесі шешілмеген, су жиі өшіріледі, интернет жылдамдығы нашар, мектепте оқушылар тым көп, сыныптар жеткіліксіз, 1000 оқушының орнына 5000 оқушы оқиды. Қалаға баратын автобустарда таңертең және кешке адамдар жұмысынан қайтатын кезде орын болмайды, автобустар жеткіліксіз», — дейді жергілікті жастар.
Жастар қалаға жиі барады. «Аптасына бірнеше рет, себебі Лесная Полянада бұл аллеядан басқа серуендеуге арнайы орын жоқ», — дейді олар.
Әрине олар тыныштық пен таза ауаны бағалайды, бірақ ауылда жастар көп екенін және олар үшін қызықты орындар жоқ екенін мойындайды.
Ауылдың ескі бөлігінде тұратын тұрғындардың да өз тілектері бар. Мысалы зейнеткерлер саябақта жайлы демалыс орындары мен белсенді өмір салтына қажетті орындар болғанын қалайды. «2010 жылы Қосшы тұрғындары бес мың адамды құрады, ал қазір олардың саны ресми түрде 50 мың, ал бейресми түрде 100 мыңға жетті», — дейді өз ауылының өсуін бақылаған жергілікті тұрғындардың бірі Евгений.
Бірақ кішкентай ауылдың қалалық масштабтағы ауылға айналуы жергілікті тұрғындардың туған ауылдарына деген сүйіспеншілігін баса алмайды екен.
Зейнеткер Жүсіпбек те осы ауыл тұрғыны. Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы не ойлайсыз деген сұраққа дана ақсақал: «олай болса, біз қалалық боламыз» деп жауап береді.
Источник: tengrinews.kz