7-9 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен елордада қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы, еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир өтіп жатыр.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, турнирдің ашылу салтанаты Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен, Біріккен Дүниежүзілік күрес бюросының мүшесі, UWW Азия Кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов және Қазақстан Республикасының бұрынғы қорғаныс министрі генерал-полковник Сәт Тоқпақпаев қатысты.
Ақтоты Райымқұлова жиналғандарды турнирдің ашылуымен құттықтап, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жеделхатын оқыды.
«Грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы және әлем чемпионы, «Қазақстанның Еңбек Ері» сыйлығының иегері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы грек-рим күресінің халықаралық турниріне қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақ халқының ұлы балуанын еске алуға арналған осындай ауқымды, маңызды турнирдің ашылуымен құттықтады», — деді А.Райымқұлова.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен елордада қазақтың әйгілі балуаны Жақсылық Үшкемпіровке арналған ескерткіштің ашылатындығын айтты.
«Бүгінгі Елордамызда өтетін сайысқа келген барлық қонақтарды қарсы алуға қуаныштымыз. Жақсылық Әмірәліұлы қазір арамызда жоқ, бірақ есімі біздің есімізде мәңгі қалады. Өткен жылы бүкіл халықтың қолдауымен Нұр-Сұлтанда қаласындағы жекпе-жек сарайына елдің көрнекті ұлы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Биыл біз осы спорт кешенінің алдына аты аңызға айналған спортшымызға ескерткіш орнатуды жоспарлап отырмыз», — деді Бақтияр Мәкен.
2001-2003 жылдары туылған жастар арасында өтетін турнирде балуандар 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 97, 130 келі салмақ дәрежелерінде күш сынасады.
Жарысқа Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан екі жүз елуден астам спортшы қатысуда. Сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және медальдармен марапатталады.
Еліміздегі карантиндік талаптарға сәйкес халықаралық турнир жанкүйерлердің қатысуынсыз өтеді. Көрермендер жарысты Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Источник: zakon.kz