Бүгін елордада 14 пен 29 жас аралығындағы жастар арасындағы «Brain games» зияткерлік ойындарының жобасы басталды. Жоба аясында тоғызқұмалақтан алғашқы ашық турнир өткізілді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласының жастары арасында «Brain games» зияткерлік ойындарының жобасы басталды. Жобаны ұйымдастырушы — «Астана жастары» КММ жобаның мақсаты жастар арасындағы бәсекеге қабілеттілікті, ақылдылықты арттыру, жүйелік және стратегиялық ойлауға үйрету екенін атап өтті.
Жобаның ашылу салтанаты мен тоғызқұмалақ ойынындағы ашық қалалық турнир Жетісу саябағында ашық аспан астында өтті.
Бұл іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері жөніндегі бөлімі елордалық полиция департаментімен бірлесіп өткізді.
«Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен «Астана жастары КММ бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізуді жақсы дәстүрге айналдырып отыр. Салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу бастамаларын қолдап, акциялар өткізеді. Біз жастарға бос уақытты психоактивті заттарды қолданбай қалай өткізуге болатындығын көрсетуге тырысамыз, яғни бұл алғашқы бірлескен іс-шара емес. Көбінесе есірткінің жастар арасында таралуын болдырмайтын алдын-алу шараларын жүргізген кезде, жас ұрпақ көбіне бос уақытты өткізудің баламасы туралы сұрақтар қояды. Мұндай іс-шараларда біз бос уақытты есірткі қолданбай, қалай дұрыс өткізуге болатындығын көрсетеміз», — дейді Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сергей Ильиних.
Оның айтуынша мұндай турнирлерді өткізу жастар үшін өте маңызды. Дәстүрлерді жаңғырту мақсатында — тоғызқұмалақты дамыту таңдалып алынған. Биыл мұндай шара бірінші рет өткізіліп отыр.
Өз кезегінде «Темірлан» аула клубының директоры Қалкеш Әбішев мұндай турнирлерді ашық аспан астында өткізу жас ұрпақ үшін пайдалы екенін атап өтті.
«Біздің клубта 120-дан астам бала тоғызқұмалақ пен шахмат ойнауды меңгеруде. Клуб тәрбиеленушілері қаланың және Қазақстанның әр түрлі чемпионаттарына қатысып келеді. Бүгінгі сайысқа біздің клубтан 10 бала қатысуда. Осындай ашық турнир үшін ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Қазір біздің балалар пандемияға байланысты үйде отырады, көбінесе компьютерде және ұялы телефондарда отырады, сондықтан мұндай жарыстар балалардың дамуына, шеберліктерін шыңдауға көмектеседі», — дейді клуб директоры.
«Brain games» зияткерлік жобасы аясында жыл бойы спорттың бірнеше түрінен, яғни Нұр-Сұлтан қаласының жастары арасында киберспорт, шахмат және тоғызқұмалақтан маусымдық ашық турнирлер өткізу жоспарланып отыр.