Солтүстік Қазақстан облысының тоғыз спортшысы Токиода өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына үміткер, — еп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.
Дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Сергей Мелехов әкімдіктің отырысында жаттықтырушылар мен спортшылар Олимпиада лицензияларын жеңіп алуға дайындалып жатқанын айтты.
Олимпиада үміткерлері — Ирина Эктова (үш қарғып секіру), Михаил Литвин (400 метр, эстафета), Алексей Луценко, Артем Захаров (трек), Назгүл Маратова (дзюдо), Данияр Каленов (грек-рим күресі), Нұрқожа Қайпанов (еркін күрес). Паралимпиадалық спортшылар Сергей Харламов пен Иван Залезняк Паралимпиада ойындарына дайындалуда.
С.Мелехов өңір спортшыларының жетістіктері туралы айтып берді.
«Биыл спортшыларымыз олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен 216 медаль жеңіп алды. Оның 74-і алтын, 64-і күміс, 78-і қола медаль. Жанали Тұяқова ауыр атлетикадан Әлем Кубогының қола медалін жеңіп алды. Арна Қасенова биатлоннан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының құрамында сәтті өнер көрсетіп, Қазақстан Республикасы құрамасы арасында ең жақсы нәтиже көрсетті. Қазақстан Республикасының жастар ойындарында волейболдан облыстық әйелдер құрамасы жалпы командалық екінші орынды иеленді, көркем гимнастикадан екі қола медаль, грек-рим күресінен қола медаль, жүзуден төрт қола медаль алды», — деп хабарлады С.Мелехов.
«2020-2021 оқу жылына 1345 санат берілді. Қазақстан құрамасының құрамына солтүстік қазақстандық 273 спортшы енді. Өткен жылмен салыстырғанда спортшылар саны 29 адамға артты», — деді С.Мелехов.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кәсіби клубтардың қызметі жастар арасында спортты насихаттаудың жақсы әдісі екенін атап өтті.
«Бізде бес кәсіби командалық спорт клубтары бар. Тарихта тұңғыш рет «Барыс» баскетбол командасы ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды, «Қуаныш» әйелдер волейбол клубы Ұлттық Лиганың қола медалін жеңіп алды, «Есіл» волейбол клубы қола медаль иегері болды. Жалпы спортшыларымыздың көрсеткіштер өте жақсы. Біз маусым аралық уақытта командалармен жұмыс жасауымыз керек. Менің ойымша, біз көрсеткіштерді жақсартып, одан да жоғары нәтижелер көрсете алытынымызға сенімдімін», — деді Қ.Ақсақалов.
Источник: Казинформ