Көп балалы отбасыларға, жетім балаларға және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған алғашқы жарна мен жеңілдетілген ипотека мөлшерінің өзгеруі тәрізді басқа да өзекті мәселелер «Нұр Отан» партиясы жанындағы жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі жаңа Республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында талқыланды.
Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, «Нұр Отан» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында биыл елімізде 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, оның 2,5 миллионы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. 2021 жылдың төрт айында 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 28,9 мың пәтер пайдалануға берілді. Алайда күн сайын баспанаға мұқтаждар саны тек өсіп келеді.
Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 562 мың отбасы бар, оның ішінде 185 мың отбасының табысы отбасы бір мүшесіне шаққандағы күнкөріс деңгейінен төмен. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, оларды қысқа мерзімде тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеке тұрғын үй қорындағы жалдау ақысының бір бөлігін Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары үшін 31 АЕК мөлшерінде, басқа аймақтар үшін 21 АЕК және ауылдық жерлерде 15 АЕК көлемінде субсидиялауды ұсынды.
Сонымен қатар, вице-министр аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына жаңа көзқарасты ұсынды. «Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі жылына 10 мың пәтерді құрайды, проблеманы шешу мерзімі 20 жылға жуықтайды. Сондықтан қаражатты әкімдіктерге үй салуға емес, жеке инвестицияларды тарту мақсатында коммерциялық компанияларды субсидиялауға бағыттады.
«Жыл сайын біз 37 мың пәтерді тапсырып отырамыз және 5 жылда барлық аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге тырысамыз», — деді Қайырбек Өскенбаев. Тағы бір маңызды мәселе — ерекше қажеттіліктері бар адамдарды баспанамен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы тиімді тетіктердің бірі — ипотекалық несиелеу.
«Отбасы» банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазірдің өзінде банкте 2 мыңға жуық мүгедектігі бар жандар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 19,6 миллиард теңге несие берілген. Жалпы алғанда, мұндай отбасыларда 3,7 миллиард теңге көлемінде 10 мыңға жуық депозит бар.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 13,8 миллиард теңгеге 1,3 мың несие берілген. Ағымдағы жылы осы бағдарламаға халықтың әлеуметтік осал топтары 27 мыңнан астам өтініш берді. Өтініштердің жартысынан көбі «толық емес отбасылар» санатынан, — деді Ләззат Ибрагимова.
Кеңес мүшесі Ирина Смирнова кезекте тұрған адамдар саны соңғы жылдары көбейіп келе жатқанын, ал берілген пәтерлер саны азайып жатқанын баса айтты. «Кезекте тұрған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету баяу жүреді, сондықтан кезек жыл санап азаймай, тек өсе түседі. Мәселен соңғы бір жыл ішінде кезек 23 пайызға өсті, ал баспана алғандар саны 3 пайызға азайды. Баспанамен қамтамасыз ету қазіргідей қарқынмен жалғасса, тізімде тұрған жандардың соңғысы 80 жылдан кейін ғана баспана алады. Сондықтан мүгедектігі бар жандарға арналған тұрғын үй қорын көбейту керек», — деді Ирина Смирнова.
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 103 миллион шаршы метр баспананы пайдалануға енгізу мақсаты жүзеге асырылуда. Отырыс қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясының Кеңес мүшелері «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.
Сонымен мүгедектігі бар балаға 18 жасқа толған кезде баспана алу кезегінің сақталуын ескеру қажет, халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған ең төменгі күнкөріс деңгейін ұлғайту. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылар алған жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жекешелендіре алуы керек.