Келесі аптада елімізде бірнеше маңызды күн аталып өтеді. Атап айтқанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні, ал 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күні.
Елордада осы мерекелерге орай іс-шаралар, көрмелер, концерттер жоспарланған. Елорда әкімдігі хабарлағандай шаралардың бірқатары онлайн форматта ұйымдастырылады. Атап айтқанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені «Алжирдің бірегей экспонаттары» атты онлайн-көрмесін өткізеді. Онда Санкт-Петербург, Иерусалим, Тель-Авив, Тбилиси, Алматы қалалары бойынша зерттеу экспедициялары барысында жиналған материалдар ұсынылады.
Сол күні мұражайдың әлеуметтік желілердегі парақшасында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу мемориалына және «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімін көруге болады. Бірнеше сағаттан кейін мұражай ғимаратында Еуропалық кеңес пен «АЛЖИР» мұражайы ұйымдастырған «Тоталитаризм құрбандарын еске алу – Еуроодақ пен Қазақстан арасында жаңа көпір салу» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтеді.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «АЛЖИР» мұражайы «Карлаг туралы ақиқат» атты онлайн-көрмесін ұйымдастырады.
1-3 маусым аралығында «Карлаг балалары» туралы дәріс өткізіледі.
4 маусым күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай мұражайда «Бірлік пен бейбітшілік нышандары» виртуалды көрмесі, ал 4 және 5 маусымда «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің нышаны» дәрісі өтеді.
Балаларды қорғау күніне орай, 1 маусым күні сағат 15:00-де «Наз» мемлекеттік би театры «Бақытты болсын балалар» концерттік бағдарламасын ұсынады.
Нұр-Сұлтан әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де атаулы күндерден тыс қалмайды. Мәселен, 31 мамырда Мичурино тұрғын алабындағы №10 бұқаралық кітапханада, сондай-ақ №2 балалар кітапханасында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, слайдтар мен көрме стендтері барысында өткен ғасырдың зобалаң жылдары болған оқиғалар туралы айтылады.
1 маусымда қалалық кітапханаларда балаларға арналған ойын бағдарламаларын, сайыстар, викториналар, ертеңгіліктер өткізу жоспарланып отыр.
1 маусым күні сағат 19:00-де Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясы Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартетінің «Под знаком Белы Бартока» концертіне шақырады.
4 маусымда филармония ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Желбіреген көк туым» классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің концертін ұйымдастырады.
5 маусым күні таңертең «Астана» концерт залының сахнасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «JANA TOLKYN» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының I республикалық байқауы өтеді.
1 маусым күні сағат 11:00-де Астаналық цирк Instagram-дағы ресми аккаунтында (Astanalyqtsirk) цирк әртістерінің өнерін онлайн ұсынады. Ал екі сағаттан кейін цирк «Дети солнца» шарасын тікелей эфирде өткізеді.
Іс-шаралардың барлығы санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.