Жол қозғалысы туралы заңға сәйкес самокат деген көлік жоқ, деді министр.
Қазақстанда электр самокаттарының жылдамдығына шектеу қойылуы мүмкін, деп мәлімдеді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Алматы қаласының тұрғыны ІІМ басшысының есеп беру кездесуінде қалада самокаттардың жаяу жүргіншілерді қағып кететін жағдайлары жиілеп кеткенін айтты.
«Веложолдар мен жаяу жүргіншілер жолына қатысты да бұл мәселе қарастырылып жатыр. Себебі бірқатар самокаттардың жылдамдығы сағатына 20 шақырымнан асады. Кейбір елдерде шектеулер енгізілді. Мысалы, Ұлыбританияда жеке аумақты қоспағанда, самокаттарды пайдалануға мүлдем тыйым салынған. Өзге Еуропа елдерінде самокаттардың жылдамдығына қарай шектеулер енгізілген — сағатына 20 шақырымға дейін велосипед жолдарымен, 12-ден төмен жылдамдықпен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүре алады», — деп жауап берді Тұрғымбаев.
Қазақстанда бұл мәселе реттелмеген, деп жалғастырды ол.
«Бүгінгі таңда барлық мүдделі органдардың қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Менің ойымша заңнамаға өзгертулер енгізіледі немесе ұсыныстар қарастырылады», — деді Тұрғымбаев.
Жолдарда самокаттармен жүруге болмайды, самокаттар көлік қозғалысының құралы емес — Ішкі істер министрлігі.
«Бүгінде сағатына 80 шақырымға дейін жылдамдықты самокаттар бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, олар жол қозғалысының құралы болып табылмайды. Жол қозғалысы туралы заңнамаға сәйкес самокат деген көлік жоқ», — деді ол.
Самокаттар көлік ретінде талаптарға сай келмейді, деп жалғастырды министр.
«Дөңгелектердің диаметрі, тежегіш жүйесі, бүйір шамдардың, артқы көрініс айналарының және қауіпсіздік жүйесінің жоқ екендігін атап өтуге болады. Бүгінгі күні электр самокаттарына автомобиль жолдары мен тас жолдарда жүруге қатаң тыйым салынады. Мұндай талаптардың сақталуы қадағаланады, себебі олар жол қозғалысының қатысушылары емес», — деп қорытындылады ішкі істер министрлігі.