Бұл жігіттердің әрқайсысының жеке жұмысы, хоббиі, отбасы бар, бірақ бәрін біріктіретін бір ортақ нәрсе бар — олар Талдықорғанда тұрады және күнде кешкелікте мұқтаж жандарға үйлер салу үшін бір жерге жиналады. Көп ұзамай бұл жерлерге он отбасы қоныс аударады, олар мүгедектігі бар жандар, жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар, немесе қалыпты өмірден тыс қалғандар.
«Біз ешкімді мәжбүрлемейміз, ешқандай пайда іздемейміз, біз мұны шын жүректен жасаймыз, егер біздің қатарымызға қосылғысы келетіндер болса, біз тек қуанамыз» дейді жігіттер. БАҚ тілшілері осы батырларды тауып, олармен бақытты жаңа қоныстанушылар тұратын жерде сөйлескен.
Жігіттермен құрылыс басында жұмыстан кейін кездесуге келістік. Осы жобаның негізін қалаушылардың бірі Айдын келе алмады, өйткені ол көрші ауылда жұмыс істейді, бірақ бізді оның достары Болат, Диас және Фарид күтіп алды, олар да осы ұлы және игілікті істі басынан бері жүзеге асырып келе жатқандар. Олардан басқа тағы оншақты адам құрылысқа ақысыз қатысуда. Үйлер салынып жатқан аумақтың өзі қалаға тиесілі. Бұрын бір үлкен бос жер болса, қазір бұл аймақ біртіндеп адамдардың қонысына айналуда.
Біздің кейіпкерлеріміз салып жатқан он үйдің ішінде қазірдің өзінде екеуінде адамдар тұрып жатыр. Біріншісінде, қарт ерлі-зайыптылар. Екіншісінде — көп балалы ана. Бөлмелерде барлық жағдай жасалған.
Есік алдында бізді Бауыржан ата күтіп алды, мұнда ол қыста әйелімен көшіп келген. Өмірлік жағдайларға байланысты, ерлі-зайыптылар бір сәтте далада қалған, ал жігіттер болса сол жерде болған және қарттарға қол ұшын созған. Атаның өзі құрылысқа қатысқан, көкөніс бақшасымен айналысады екен, енді міне қоныс айналасына жеміс ағаштарын отырғызғысы келеді екен, бірақ ол үшін жігіттер айтқандай, бес-алты көлік қара топырақ әкелу керек.
Ата қонақтарды өте жақсы көреді, бірақ біздің фотографты көргенде: «Балалар, мен қартайдым, суретке түсірмеңдер», деп ұялды.
— Бауыржан аға бұрын кәуап шебері болған, тамақты өте дәмді жасайды, ал біз мұнда келгенде өзімізді үйдегідей сезінеміз, — деп Болат жымиды.
Әр үйде жеке жуынатын бөлме, жатын бөлме және ас үй бар. Біздің кейіпкерлеріміздің идеясы бойынша, үйлер бір-бірінен ішінен де сыртынан да ерекшеленбейді.
«Мұнда бәрі бірдей болады ас үй жиһазы, жөндеуі, жуынатын бөлме. Үлкен қалалардағы жатақханалар сияқты, тек ақысыз. Мүмкін жаңа қоныс аударушылар іс-шаралар ұйымдастыратын ортақ ас үй жасаймыз. Сонымен қатар үйлердің бірінде тұрғындар өз ақшаларын таба алатын монша немесе тігіншілік мини-шеберханасын саламыз деп жоспарлап отырмыз.
«Тұрғын үйді салу және оны мұқтаж адамдарға беру туралы идея алты жыл бұрын шай ішу кезінде пайда болды, бұл жер өте жақсы адамға тиесілі және ол кісі жерді құрылыс үшін беруді ұсынды.
Содан кейін біз футбол ойынына жиналып, жер бар, мүмкін біз бастап кетсек деп ұсыныс жасадық. Барлық жағдайлар біздің пайдамызға шешіле бастады. Өзінің жеке құрылыс компаниясы бар адам пайда болды, ол іргетасты, еден төсенішін өз қолына алатынын айтты, содан кейін қабырғасын көтере бастадық, солай бәрі тез жүзеге асырыла бастады», — деп еске алады Болат.
«Біз өте үлкен ынта-жігермен жұмыс істедік, осында киіз үйде түнедік, екі адам кезекші болдық. Одан ары қарай жалақымыздан адам жалдап кафель штукатуркаларын жасаттық. Қалған жұмысты өзіміз жасадық, төбесін жаптық».
«Бастапқыда біз 30, одан кейін 20, одан кейін 15 адам қалдық, бірақ мұнда еш жағдайға қарамастан келген жігіттер бар, мысалы, дәнекерлеуші Абдулла, ол жылу мәселесін толықтай шешті. Бір жылға жуық құрылыс тоқтап тұрды, әркімнің өз отбасы, өз ісі болды, ал былтыр алғашқы қоныстанушылардан соң бәрі қайтадан шабыттанып іске кірісіп кетті.
Біз ешкімді келмеді деп сөге алмаймыз, өйткені бұл жалпыға ортақ жақсылық, бұл жерде ешкім ешкімге қарыз емес, бәрі бұл жерге жан мен жүректің қалауымен келеді».
«Біз мұқтаж жандарды қалай табамыз? Біз жергілікті тұрғынбыз және мұнда кімдердің қандай жағдайда өмір сүретінін білеміз. Бізге адамдар қандай жағдайда өмір сүріп жатқандығы туралы фотосуреттер мен бейнежазбалар жіберген кезде, сол сәттерде құрылысты тез аяқтауымыз және мұқтаж отбасыны тезірек қоныстандыру керек деп шешім шығарамыз.
Бастапқыда біз тек әйелдерге, отбасында асыраушысы жоқ көп балалы аналарға үй бергіміз келген, бірақ содан кейін жұмыс істей алмайтын ер адамдар – мүгедектігі бар жандар да болуы мүмкін деп шештік. Жақында мұнда тағы бір жалға алушы келеді, ол зағип жан. Алғашында атамыз қоныстанған кезде біз ақысыз тұрғын үй таратып жатыр деген ақпарат жайылып, барлығы көмек сұрай бастады. Біз бәріне көмектесуге қуаныштымыз, бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ.
Жаңа қоныстанушыларға баспананы рәсімдеу жоспарланып отыр, бірақ оның заңды түрде қандай болатыны белгісіз, сондықтан бұл мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр».
«Бұрын бұл ауданда үйлер мен коммуникация болмаған, біз әйелдерді осында қалай орналастырамыз деп уайымдадық.
Енді көршілер пайда болды, жақын арада маршруттық такси жүреді. Орталық сумен жабдықтау және электр энергиясы бар, газ тартылады. Ынтымақ ауылы жақын жерде орналасқан, ол жерге газ тартылған. Газ келгенге дейін көмірмен жылытамыз. Ең соңғы тұрған бөлме пеш жағатын орын, ол жерде қыста өте ыстық болатын. Бастапқыда көмір мен жарық шығындарын өзіміз көтердік, өйткені болгарка, дәнекерлеу бұл электр қуатын көп қажет етеді, бірақ қазір тұрғындар шығындарды өздері төлеп жатыр».
Біздің әңгімеге құрылыс алаңының тағы бір қатысушысы Диас қосылды.
«Біз жігіттермен қалай кездестік? Талдықорған — бұл шағын қала. Біз бәріміз бір-бірімізді білеміз, бала кезден бастап, бізді жақсы мақсаттар мен осы құрылыс біріктірді. Біз соңына дейін жеткіміз келеді. Қазір құрылысқа 10-20 адам қатысады, бірақ бұл мен өзім білетіндері ғана, сондықтан көмектесетіндер өте көп.
Отбасыларымыз бізді қолдайды. Біздің барлық үлкен ағаларымыз, әйелдеріміз мұқтаж жандарды табады. Біздің ортақ тобымыз бар, ол жерде материалдық немесе заңды көмек түрлері көрсетіледі. Біз азық-түлік сатып алып, осындай жағдайлары төмен отбасыларға барамыз. Өте қиын жағдайда, жалдамалы тұрғын үйде тұратын 20-ға жуық отбасы бар».
«Біз әр түрлі салада жұмыс жасаймыз, — деп жалғастырды Болат. «Мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің әкімшісімін, бізде кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер және жеке компаниялардың қызметкерлері бар. Мен жұмыс істегеннен бері кейбір жігіттерді де көрмедім. Егер біреулер біздің қатарымызға қосылғысы келсе, біз қуанамыз, өйткені үй салу — ұзақ жұмыс. Мен өз үйімді осы үйлермен бір уақытта салуды бастадым және әлі де құрылыс жүріп жатыр».
«Біз құрылысықа қатысамыз, бәрін өз күшімізбен жасаймыз, — дейді Фарид. — Ыдыс-аяқ, материал, құрал-сайман, барлығы шамасы жеткенін әкеледі. Заттарды бөліп төлеуге беретіндер, өз бағасына беретіндер де болады. Осы жылы құрылысты аяқтау үшін жеке инвестициялар тартқым келеді, мүмкін жеке кәсіпкерлер табылып қалар. Шын мәнінде мұқтаж адамдар көп, бұл иглікті іс».
«Бізге терезелерді беруге уәде берді, сондықтан оларды бар деп есептейміз. Есіктер мәселесі шешілмеген. Жиһаздың құнын өз мойнына алған кәсіпкер бар. Жиһаз қазірдің өзінде екі үйде бар. Құрылыс аяқталған соң басқаларына да жиһаз орнатамыз. Біреу отын әкеледі, біз ешкімнің көмегінен бас тартпаймыз. Енді шатырды бітіру керек, одан аздап су ағып кетеді. Кейбір үйлерде ұсақ-түйек жұмыстар қалды, ал кейбіреулерінде жұмысты нөлден бастау», — деп қосты Болат.
«Қазір көп нәрсе қажет, — дейді Диас, — цементтен бастап, жөндеуді аяқтау, жұмыс күші жеткіліксіз, өйткені адамдардың демалысы, отбасылары бар және бұл істі барлығының қалтасы көтере бермейді.
Өңірден немесе мемлекеттен қандай да бір субсидия демеушілерін тартсақ жақсы болар еді. Бізде өзін жарнамалағысы келмейтін, бірақ айтарлықтай көмектесе алатын жақсы бизнесмендер көп.
Осымен үшінші үй дайын. Алда тағы жетеуі бар. Осы жер телімін абаттандыруды да жоспарлап отырмыз. Мұнда көпбалалы отбасылар да келеді, балаларға ойнау үшін ойын алаңы қажет. Егер бақша болса, адамдар өздерін тамақтандыруға мүмкіндік алар еді. Біз сондай-ақ тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінуі үшін аумақты қоршағымыз келеді.
Бұл біздің Талдықорғандағы алғашқы осындай жобамыз, соңғысы болмайды деп сенеміз. Болашақта біз көп нәрсе салғымыз келеді.
Бізге ешқандай пайда жоқ, біз үшін ең үлкен сыйақы — айналадағы адамдардың бақытын көру, ал өзгесі жасала береді», деп қорытындылады сөзін Диас.