Бірінші топтағы мүгедектігі бар жандарға күтім жасайтын адамдар үшін жәрдемақының жаңа түрі енгізіледі. Мұндай жаңалық ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралған «кейбір заңнамалық актілерге азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қамтылған.
«Негізгі тұжырымдамалық инновацияларға тоқталайық. Біріншіден, құжатта себептеріне қарамастан бірінші топтағы мүгедектігі бар жандарға күтім жасайтын адамдарға арналған жәрдемақының жаңа түрін енгізу көзделген. Қазіргі уақытта бірінші топтағы 66 мың мүмкіндігі шектеулі адамның әрбір үшінші – бұл 24 мың адам – күтім және көмекшінің қызметі бойынша жәрдемақымен қамтылмаған. Яғни, бұл көмекке мұқтаж, өз бетінше қозғала алмайтын мүгедектігі бар адамдар», — деді баяндама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов.
Оның айтуынша, түзетулерді қабылдағаннан кейін қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етіледі.
Министр атап өткендей, заң жобасы парламенттегі жұмыс топтарының, Үкімет жанындағы мүгедектігі бар жандардың мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің ұсыныстарын, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерден келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленді.
С. Шапкенов заң жобасының нормаларын «Нұр Отан» партиясы қолдағанын және партияның сайлауалды тұғырнамасында көрініс тапқанын атап өтті.
Талқылаудан кейін сенаторлар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.