Жыл соңына дейін Нұр-Сұлтанда 14 мың тұрғын үй газбен қамтылады. Елорданы газдандыру екі жыл бұрын басталған.
Бүгінгі күні «Көктал-1», «Көктал-2» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарында жұмыстар толығымен аяқталды. Қазір газ құбырының 650 шақырымы салынып, ұзартылды.
«Осы елді мекендердің барлығында әрбір үйге газ құбыры тартылып, жанар-жағармай жеткізілді. Атап айтқанда 7 мың абонент газға қосыла алады. Қазіргі уақытта Оңтүстік-Шығыс және Агроқалашық бір бөлігінде ғана жұмыстар қалған. Сонымен қатар Интернациональный тұрғын алабында пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Бір айдың ішінде қосылатын боламыз», – дейді қалалық әкімдіктің отын-энергетика ресурстары басқармасының басшысы Мақсат Есмағұлов.
Ал елорда әкімдігі газға қосылғысы келетін тұрғындарға бірнеше жеңілдік түрін жариялады.
Әлеуметтік жағынан осал отбасылар мен зейнеткерлерге 270 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сондай-ақ отандық банктердің бірімен халыққа 750 мың теңгеге дейін пайызсыз несие беру туралы келісім бар.
Орташа алғанда,газды орнату құны дәл осы соманы құрайды. Ай сайынғы міндетті төлем 11-15 мың теңгені құрайды, дейді мамандар.
21 қазанда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Солтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысын газдандыру тақырыбын көтеріп, ресейлік тарапты екі жаққа да қолайлы шарттармен газ жеткізуге қатысуға шақырды.