Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан «30 игі іс» акциясы аясында елордалық еріктілер жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерінің аулаларын қардан тазартты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қолдарында күректері бар «Астана жастары» КММ еріктілері жалғызбасты зейнеткерлердің ауласын қардан тазартуға аттанды.
«Бірнеше жылдан бері жүйелі түрде өткізіп келе жатқан қарды тазалау акциясын ұйымдастырдық. Игі шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» акциясы аясында өтіп жатыр. Қарттар, жалғызбасты аналар, көп балалы отбасылар үшін аулаларды қардан тазалап, шын мұқтаж жандарға көмектесеміз. Біз барша еріктілер мен жастарды акцияға қосылып, игі істер жасауға шақырамыз», — деді «Астана Жастары» КММ-ның ҰАТ санатты жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Әлфараби Аймақ.
Еріктілер мұндай іс-шаралар адамдарға қуаныш сыйлайтынын, олардың жалғыз емес екендігін сезініп, оларға қолдау көрсетілетінін, сонымен қатар жастардың жанашырлығын, аға ұрпаққа деген ілтипат пен сезімталдықтың көрінісі екенін атап өтеді.
Осылайша жастар үшінші топтағы мүгедек жалғызбасты зейнеткер Раида Мифтахованың үйіне дейінгі жолдан бастап ауласын қардан тазартып шықты.
«Көмектеріңіз үшін көп рахмет. Мен еріктілерге, жастарға және сіздердің мейірімді жүректеріңіз бен бізге көрсеткен көмектеріңіз үшін, бей-жай қарамайтын барша жандарға үнемі көмектесіп жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын», — деп зейнеткер еріктілерге алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «30 игі іс» акциясы аясында қаладағы аялдамаларда еріктілер жолаушылар мен коммуналдық қызмет жұмыскерлеріне ыстық шай мен бауырсақ таратқан болатын.
Мұндай іс-шаралар жыл сайын өткізіледі және қыс мезгілінде жалғасын табады.