Мемлекеттік бақылау жүргізілген балабақшалардың 80%-ға жуығы аттестациядан өтпеді. Бұл туралы 6 желтоқсанда ведомствоның апта сайынғы аппарат отырысында Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мәлім етті, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл Білім және ғылым министрлігі жүргізген бақылау 77 балабақшаны қамтыды, олардың басым көпшілігі, атап айтқанда 60 мектепке дейінгі ұйым білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сәйкес келмегендіктен аттестациядан өтпеді.
«Балабақшалар әкімдіктердің қарамағында болғандықтан, бұрын бізде мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын бақылау тетіктері болмаған.
Алайда, біз азаматтардың өтініштерін ескере отырып, осындай тексерулерді жүзеге асыру және жүргізу қажеттігі туралы шешім қабылдадық. Нәтижесінде біз көптеген заң бұзушылықтарды анықтадық.
Балалардың балабақшада болу жағдайлары, оқу қызметі мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарының сәйкес келмеуі, тәрбиешілер тарапынан қол сұғу фактілері және басқа да келеңсіз фактілер орын алған.
Заң бұзушылықтар анықталған кезде, мейлі ол университеттер болсын, мейлі балабақшалар болсын, министрлік білім беру ұйымдарына оларды жоюға жеткілікті уақыт беретінін түсіну маңызды», — деді Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Оның айтуынша, мемлекеттік аттестаттау қорытындысы бойынша балабақшаларға заң бұзушылықтарды жою және оқу-тәрбие жұмыстарын заңнама талаптарына сәйкес келтіру үшін уақыт (бір жылдан аспайтын) беріледі.
Баяндамашы жергілікті атқарушы органдар балабақшалардың жұмысын ерекше бақылауға алуы қажеттігін атап өтті.
Гүлзат Көбенова сондай-ақ балабақшаларды мемлекеттік аттестаттау меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан бес жылда бір рет профилактикалық бақылау арқылы жүргізілетінін айтты.
«Білім беру ұйымдарының қызметінде сыртқы бақылау мен тәртіп орнату, сондай-ақ білім беру қызметінің сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік аттестаттау енгізілді», — деді ол.
Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда білім беру ұйымдарына белгілі бір ұсыныстар беріледі.
«Бірақ әкімшілік іс бір уақытта қозғалмайды, яғни бірден әкімшілік жазалар болмайды. Керісінше инспекторлар білім беру ұйымдарына заң бұзушылықтарды жою тәртібін түсіндіреді», — деп қосты спикер.
Айтпақшы БАҚ беттерінде балабақша қызметкерлерінің бүлдіршіндерге қатыгездікпен қарағаны туралы мақалалар жиі жарияланып, онда да қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Мысалы, 28 қараша күні Талғардағы балабақшада үш жасар қыз моншаққа тұншығып қайтыс болды.
22 қарашада Қарағандыдағы балабақшалардың бірінде күтуші баланы таңғы асқа дәлізде сүйреп апарғаны үшін жұмыстан шығарылғаны белгілі болды.
Сол күні Қапшағай қаласының тұрғыны бір жасар қызын балабақшада ұрып-соққанын айтты.
15 қазанда Түркістан облысында баланы жертөлеге қамап қойған тәрбиеші балабақшадан шығарылды.
4 қазанда мекеменің қызметтік кіреберісі маңында көшеде жейде мен шорт киген 3-4 жастағы екі баланы көрген. Қамқор қала тұрғындары оларды балабақшаға апарған.
Бұл балабақшаға баратын бүлдіршіндердің ата-аналары ол жерде ойын алаңы жоқ деп шағымданды.
Айтпақшы білім жүйесінде мектеп, колледж, балабақша директорларын ротациялау институты пайда болды. Енді басшылар бір креслода жеті жылдан артық отыра алмайды.