Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталығында мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар мен көп балалы аналардан заңсыз ақша алған.
Қадағалау органының қызметкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарынан құжаттамалық қызмет көрсету үшін мемлекеттік алым алудың заңдылығына талдау жасады.
«Тұлғалардың белгілі бір санаты төлқұжат мен жеке куәліктерді, сондай-ақ шетел азаматының тұруға ықтиярхаттарын және азаматтығы жоқ адамның куәліктерін беру кезінде мемлекеттік бажды төлеуден босатылады.
Оларға мыналар жатады:
Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар;
мүмкіндігі шектеулі адамдар;
қарттар мен мүгедектігі бар жандарға арналған мекемелерде тұратын қарт адамдар;
балалар үйлерінде немесе интернаттарда тұратын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
«Батыр ана» атағын алған көп балалы аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталғандар», — деп түсіндірді прокурорлар.
Қадағалау органы халыққа қызмет көрсету орталықтарында әлеуметтік осал санаттағы 400-ден астам тұлғадан 22 мың теңгеге дейінгі мемлекеттік баж негізсіз өндірілгенін анықтады.
«Алмалы ауданының прокуратурасы заң бұзушылықты жою туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесіне ұсыныс енгізді. Қарау қорытындысы бойынша ақшаны қайтару шаралары қабылдануда, КЕАҚ басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — деп толықтырды Алматы қаласының прокуратурасы.