Солтүстік Қазақстан облысында биыл балаларға қалпына келтіру емі мен оңалту көмегін көрсетуге 988,5 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 111 миллион теңгеден астамы – COVID-19 инфекциясынан кейінгі оңалтуға арналған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Лариса Гордееваның айтуынша, өткен жылы осы мақсатқа 334,1 млн теңге қарастырылған. Тәулік бойы стационар деңгейінде 1 331 балаға, амбулаториялық деңгейде 4 337 кішкентай науқастарға көмек көрсетілді.
«Ағымдағы жылдың 4 айында оңалту көмегін стационар деңгейінде 318 бала және амбулаториялық деңгейде 1 130 бала алды. Қор филиалы бұл қызметтер үшін медициналық ұйымдарға 152,9 млн теңге аударды», — деді Л.Гордеева.
Ол өткен жылдың қазан айынан бастап көпбейінді облыстық балалар ауруханасы базасында тәулік бойы 28 төсек-орын және 12 күндізгі төсек-орын үшін қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесі ашылғанын айтты.
Оңалтуға жолдама емханада беріледі. Ауруханаға жатқызу портал арқылы жүзеге асырылады. Л.Гордееваның айтуынша, облыстық балалар ауруханасына оңалту еміне кезек – 3 күннен аспайды.