Білім саласын дамыту мәселелері Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтегі кеңесте қаралды.
Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, Білім министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жекеменшік мектептерде оқу кезінде жалпыға бірдей білім беру қорынан (мектеп формасымен, тамақпен қамтамасыз ету және т.б.) көмек алуға мүмкіндік беру туралы ұсыныс жасады. Қазіргі уақытта бұл норма мемлекеттік мектептерде оқу кезінде ғана қолданылады. Премьер-министр бұл ұсынысты қолдады.
Сондай-ақ дағдарыс жағдайындағы және мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға бару мүмкіндігі жоқ отбасылардың балаларының тамақтануына ақы төлеу тетігін енгізу мәселесі қаралды. Бұл шараны 2023 жылдың басында іске қосылатын цифрлық отбасы картасы қызметі арқылы жүзеге асыру ұсынылады. Алдағы уақытта азық-түлік құнын өтеу үшін дағдарыс жағдайындағы отбасы балаларын анықтау жоспарлануда.
Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың қажетті ақпараттық жүйелерін біріктіруді аяқтауды және бұл бастаманы қаржыландыру тетігін пысықтауды тапсырды. Бұл ретте ол қаражатты мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін жұмсалуын тиімді бақылауды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
«Елбасының тапсырмасы бойынша біз білім саласына қыруар қаржы бөліп жатырмыз және жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін қосымша ақша бөлуге дайынбыз, бірақ сапалы әрі тиісті бақылауды қамтамасыз ету керек», — деді Әлихан Смайылов.
Жиынға қатысушылар орталықтандырылған деңгейде балабақшаларға бірыңғай кезекті іске қосуды талқылады, бұл бюджет қаражатын үнемдеуге және орындарды бөлу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктер мен eGov өтініштері арқылы кезекке тұру және тиісті жолдаманы алу мүмкіндігін беру жоспарлануда.
Әлихан Смайылов бұл бастаманы қолдап, жаңа жүйеде толық ұйымдастырушылық тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті: қос кезекті жою, балалардың деректерін тексеру және т.б.