Бүгін Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні атап өтіледі. Қант диабеті бүкіл әлемде денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді, 21 ғасырдағы ең жылдам өсіп келе жатқан денсаулық мәселелерінің бірі. Дүние жүзінде қант диабетімен ауыратын ересектер саны соңғы 20 жылда үш есе өсті. Әлемде қант диабетімен ауыратын 400 миллионнан астам адам бар.
«Қазақстан Республикасында қант диабетімен ауыратындар санының жыл сайын тұрақты өсуі байқалады (жалпы саны 400 мыңнан астам адам, 2030 жылға қарай саны 800 мыңнан асатыны болжануда), бұл науқастар санының 10 жылда 2,5 есеге ұлғаюының жалпы әлемдік үрдісін растайды (IDF атласы, 2019).
Соңғы 10 жылда елімізде науқастар саны екі есеге өскен. 1 шілдедегі жағдай бойынша қант диабетімен ауыратын 439 327 адам динамикалық бақылауда, оның ішінде 26 778 адамға 1 типті қант диабеті (21 989 ересек және 4 789 бала) диагнозы қойылған. 412 549 адам (412 206 ересек және 343 бала) 2 типті қант диабеті диагнозымен есепте тұр», — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні әлемде және республикада қант диабеті, оның салдары және ауруды емдеу мүмкіндіктері туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға бағытталған. Адамда инсулиннің алғашқы қолданылуы 1922 жылы 11 қаңтарда болды. Осыдан кейін «қант диабеті» диагнозы өлім үкімі сияқты естілмейтін болды.
Министрліктің мәліметінше, тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тізбесі бигуанидтерден бастап соңғы буын инсулиндеріне дейін және олардың ГПП-1 антагонистерімен үйлесуіне дейін 30-ға жуық атауды қамтиды.
Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 1 және 2 типті қант диабетімен ауыратын барлық науқастар жеңілдікті дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен, соның ішінде инсулинмен, сынақ жолақтарымен, инсулин сорғыларымен қамтамасыз етілген.
Қазақстан Республикасында 2011 жылдан бастап 0-18 жас аралығындағы балаларға тегін инсулин помпасы терапиясы бағдарламасы табысты жұмыс істеп келеді. Бағдарламада 1118 бала мемлекет қаражаты есебінен үнемі шығын материалдары мен гликемияның өзің-өзі бақылау құралдарын алып тұрады.
«Бүгінде қант диабеті Қазақстан Республикасындағы ең қымбат әлеуметтік маңызды аурулардың бірі болып табылады. 2021 жылғы наурыз – 2022 жылғы наурыз аралығында қант диабеті диагнозы қойылған диспансерлік науқастарды амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету құны 29,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 36%-ға жоғары.
Қант диабетін емдеуге арналған Денсаулық сақтау жүйесінің шығындары үлкен. Айта кетерлігі, қант диабеті мәселесін жақын арада шешпесек, осы дерттің алдын алуға қаржы жұмсамасақ, болашақта бұл шығындар көбейеді. Адамның өзіне, өмір салтына, тамақтануына, дене шынықтыруына деген көзқарасы (дұрыс тамақтану, қалыпты физикалық белсенділік, салмақты бақылау, қандағы қант деңгейін жылына кемінде бір рет анықтау) өте маңызды», — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.