Паралимпиада ойындарының теңдесі жоқ спортшылары
Паралимпиада ойындары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тек жарыс қана емес, жеке бастың көптеген жетістіктері. Паралимпиадалық спортшылар өздерінің батылдығы мен табандылығымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарды ғана емес, бүкіл адамзатты шабыттандыратыны сөзсіз.
«Шекарасыз мүмкіндіктер» жобасында Жусан банкі аттары спорт әлемінде ойып жазылған паралимпиада спортшыларына шолу ұсынады. Осы ұлы спортшылардың керемет қабілеті мен батылдығы оларға спорт әлемінде әсерлі нәтижелерге қол жеткізуге көмектесті.
Америкалық жүзуші Триша Зорн Паралимпиада тарихындағы ең табысты спортшы. Жарыс кезінде ол 55 жеке медаль жеңіп алды, оның ішінде 41 алтын, 9 күміс және 5 қола.
Чемпион аниридиямен туылды. Бұл көздің нұрлы қабықшасы жартылай немесе толық болмайтын сирек кездесетін генетикалық ауру.
Кейінірек оған жасанды нұрлы қабықша орнатқан, бұл оған белгілі бір заттарды көруге мүмкіндік берді. Көру өткірлігінің жақсаруы оның спорттық мансабына әсер еткен жоқ. Сидней Паралимпиадасында Зорн өзінің мүгедектік санатында 8 әлемдік рекорд орнатқан.
Ол спорттық жетістіктерімен қатар жаттықтырушылықпен, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуге белсене араласады. Триша Зорн аты Халықаралық Паралимпиадалық Даңқ Залына енгізілді.
Зүлфия Ғабидуллина Паралимпиада ойындарында Қазақстанға алтын әкелген алғашқы спортшы болды.
Тарихи жеңіс 2016 жылы Рио-де-Жанейро ойындарында болған еді. Зульфия 100 метрге еркін жүзуде жеңіске жеткен болатын.
Чемпионның мүгедектік алуына бала кезіндегі оқыс оқиға себеп болған. Бес жасында оны мотоцикл қағып кеткен. Спортшының айтуынша, ол туыстарының қолдауы мен ықпалының арқасында мықты мінезді болып өскен: «Туыстарым мені үнемі қолдап келеді, олар ешқашан маған аяушылық танытқан емес. Әрқашан және барлық жерде мен басқалармен тең дәрежеде болдым».
Зүлфияның 230-дан астам медалі бар және 12 рет әлемдік рекорд жасаған. Ол Токиода өткен соңғы Паралимпиада ойындарына да қатысты. Зульфия спортпен айналысуды жалғастырып, спортшылар мен жанкүйерлерді талантымен әлі де шабыттандыруда.
Британдық спортшы Стивен Миллер өзінің спорттық мансабында Паралимпиада ойындарының, әлем және Еуропа чемпионаттарының чемпионы және жүлдегері атанған. Стивен церебральды сал ауруымен туылған және үлкен спорттағы мансабын жаттықтырушысы болған паралимпиадашы Норман Бернспен кездестіргеннен кейін бастаған.
Спортшы Паралимпиада ойындарының алғашқы алтынын 1996 жылы Атлантадағы ойындарда алды. Ол кезде ол 16 жаста еді және ең жас британдық паралимпиада немесе Олимпиада чемпионы атанды. Миллер мен оның әйелі 2013 жылы «SMILE Through Sport» қорын құрды.
SMILE сөзі (Sport, Movement, Inclusion, Learning, and Enjoyment) «Спорт, қозғалыс, қамту, оқу және қуаныш» дегенді білдіретін сөздерді құрайтын аббревиатура. Қордың мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың спорттық іс-шараларға қатысуын ынталандыру.
Поляк теннисшісі Наталья Партика туғаннан оң қолы жоқ. Алғаш рет Паралимпиадаға небәрі 11 жасында қатысқан. Осы жылдар ішінде ол Паралимпиада ойындарының 6 алтын, 2 күміс және 2 қола медалінің иегері атанды.
Сонымен қатар теннисші Паралимпиада ойындарына да, Олимпиада ойындарына да қатысатын санаулы спортшылардың бірі. Наталья мансабын сәтті жалғастыруда: ол небәрі 33 жаста және алда көптеген жарыстар мен жеңістер күтіп тұр. Оның тенниске деген адалдығы мен табандылығы еңсерілмейтін кедергілердің жоқтығын дәлелдейді.
Қазақстандық шаңғышы Александр Колядин Пхенчхандағы Қазақстан Паралимпиада құрамасына тарихи алтын медаль әкелді. Спортшы классикалық стильде спринтте жеңіске жетіп, Қысқы Паралимпиада ойындары тарихындағы тұңғыш қазақ чемпионы атанды.
Жас кезінде Александр шаңғы жарысымен айналысып, республика құрамасында болған, бірақ спортты тастап кеткен. 1997 жылы болашақ паралимпиадашы жол апатына ұшырап, оның оң аяғы кесілген. Ұзақ оңалтудан кейін Александр спортқа қайта оралып, Қазақстан құрамасының мүшесі болды. Оған паралимпиада аренасында жеңіске жету үшін бірнеше жыл қажет болды. Пхенчхандағы жетістіктері мен «алтыны» үшін Александр Колядин «Құрмет» орденімен марапатталды.
Мүгедектігі бар жандарға арналған арбамен жүгіруші Танни Грей-Томпсон — Ұлыбританиядағы мүгедектігі бар ең табысты спортшы әйелдердің бірі.
Спортшы омыртқа ауруымен туылған. Спорттағы 16 жылында Паралимпиада ойындарында 11 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды, сонымен қатар 30 әлемдік рекорд орнатты. Спортқа қосқан үлесі үшін Танни «Ханым» атағын алды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Грей-Томпсон саясатқа баруға шешім қабылдады. Оның спорттық және саяси тәжірибесі оған мүмкіндігі шектеулі жандардың мүдделерін тиімді қорғауға және олардың өмірін жақсартуға барынша атсалысуға мүмкіндік береді.
Пауэрлифтингші Давид Дегтярев Токиода өтіп жатқан жазғы Паралимпиада ойындарында жалғыз алтынды жеңіп алып, командамыздың қаһарманы атанды. Пауэрлифтингпен 2016 жылдан бері айналысқанымен, санаулы жылдар ішінде әлемдік деңгейдегі кәсіпқой атанған.
Паралимпиада ойындарында Давид 54 келіге дейінгі салмақта 174 келі салмақтағы штанганы көтеріп, жеңіске жеткен. Спортшының алтын медаль алған сәті Қостанайдағы тұрғын үйлердің бірінің сәнін келтірген қабырға суретіне түсірілген. Бұл оның мәңгілік есте қалатын жетістіктерін мойындаудың жарқын үлгісі.
Біз сөз еткен әрбір спортшының өзіндік ерекше және әсерлі тарихы бар. Бұл тарих тек спорттық жетістіктер туралы ғана емес, сонымен бірге батылдық, табандылық және жеңіс туралы тарих. Паралимпиадалық спортшылар өз үлгісімен нәтижеге жетуге әркімнің мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Біз жақсырақ және күшті болу үшін барлық мүмкіндіктерімізді пайдаланып, қиындықтардың алдында тоқтамауымыз керек.