Қабылданған шаралардың арқасында 3 миллион қазақстандықтың табысы артты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты.
«Биыл 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беруге, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға және басқа да салаларға қосымша 2,2 триллион теңге бөлінді. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері дер кезінде және толық көлемде орындалуда», — деді Әлихан Смайылов «АМАНАТ» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумында.
Оның айтуынша биыл 4,4 млн адамға ұлғайтылған әлеуметтік жәрдемақыны қамтамасыз ету үшін бюджеттен қосымша 4,6 трлн теңге бөлінген.
Халықтың табысын арттыру шаралары аясында 3 миллионнан астам адамның табысы артты.
«Оның ішінде 1,2 млн бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға дейін арттыру жоспарланды. 1 миллионнан астам жұмысшының жалақысы 50 пайызға дейін көтерілді. 900 мыңға жуық адамды қамтыған жәрдемақы 23%-ға өсті. Студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға өсті. Жыл соңына дейін 1 миллионға жуық адам жұмыспен қамтылады», — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.