Қазақстанда медициналық қызметтердің тарифтері қайта қаралады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын медициналық қызметтерге тарифтерді қалыптастыру бойынша жұмыс жоспарын бекітеді, оған сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге қолданыстағы тарифтер қайта қаралады», — деді министрлік агенттік тілшісінің сауалына берген жауабында.
Денсаулық сақтау министрлігі сондай-ақ медициналық және басқа да қызметкерлердің жалақысының деңгейін арттыру мақсатында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтеріне ақы төлеу үшін МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге тарифтер қайта қаралатынын хабарлады.
2022-2023 жылдарға медициналық және басқа да қызметкерлердің жалақысының 2022 жылы өсімін ескере отырып, медициналық қызметтерге барлық тарифтердің орташа өсімі 8,5%-ды, 2023 жылы – 10,4%-ды құрады.
Тегін медициналық көмектің мемлекеттік көлемі аясындағы және міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі қолданыстағы тарифтер коммуналдық қызметтердің, азық-түліктің, дәрі-дәрмектің және шығыс материалдарының жыл сайынғы өсуін есепке алмайды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында медициналық көмекті қаржыландыруды жетілдіру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде медициналық қызметтердің өзіндік құнына әсер ететін макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне тарифтерді жыл сайынғы индекстеу бөлігінде тарифтерді қалыптастыру әдістемесіне өзгерістер енгізу көзделген.
«Осыған байланысты, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде Министрлік жоғарыда аталған тарифтерді индекстеуге 2023-2027 жылдарға – 477,4 млрд теңге (2024 жылға – 131,9 млрд теңге, 2025 жылға – 128,9 млрд теңге, 2026 жылға – 186,6 млрд теңге) қосымша шығыстарды мәлімдеді. Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтердің өсуі шектеулі бюджет жағдайында қосымша ауыртпалыққа әкеп соғады. Осыған байланысты республикалық бюджет комиссиясының шешіміне сәйкес қосымша қаражат бөлуді бекіту қажет», — деді Денсаулық сақтау министрлігі.