1 тамызда Астанада жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы бойынша «Мектепке жол» акциясы басталды. Бұл туралы елордалық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Мектепке жол» акциясы аясында Астана әкімдігі бірнеше іс-шараны жоспарлаған. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмекті алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, міндетті білім беру бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі, төтенше жағдайларға байланысты шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балалары және басқа санаттар. Сондай-ақ бұл шаралар қиын жағдайдағы отбасыларды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар аз қамтылған отбасыларды қамтиды (мектепке киім-кешек, мектепке қажетті аяқ киім мен кеңсе тауарларын сатып алу).
«Биыл Астанада 22 700 балаға көмек көрсетіледі. Оның бірінші бағыты бюджет қаражаты есебінен 14200 балаға көмек көрсету болмақ. Көмек алу үшін ата-аналар мектепке барып, өтініш жазуы, арнайы банктік шот ашуы керек – несиелік қарызы жоқ және бұғатталмаған 20 таңбалы банк картасының нөмірі. Жалпыға міндетті білім беру қорынан жоғарыда аталған отбасы балаларына биылғы жылы берілген қаржы көлемі 41 мың теңгені құрайды. Бұл қаражат балаларды мектепке дайындауға жұмсалады. Осыған орай, ата-аналардан балаларға берілген қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын қадағалауды сұраймыз», — деді спикер ата-аналарға.
Оның айтуынша, білім басқармасы аталған мәселе бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептердің әкімшіліктері халықтың мұқтаж санаттарының тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде.