Қазақстандықтардың ең төменгі жалақысы жыл басынан бері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өскен.
Бұл өсім 2 миллионға жуық қазақстандықты қамтыған. Келесі өсім 2025 жылы күтілуде. Өсім мөлшері орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай анықталатын болады.
Ең төменгі жалақының өсуі табысы аз жұмыс істейтін жұмысшыларға әсер етті. Бұл ауыл шаруашылығы, сауда, көлік және қызмет көрсету салалары. Бұл ретте біліктіліктің санатаралық жүйесі ескеріле отырып, басқа санаттағы жұмысшылардың еңбекақысы қайта қаралды.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштің артуы халықтың әл-ауқатына, экономикаға, салық түсіміне оң әсер етеді.
«Мен атап өте алатын тағы бір оң нәтиже – жалпы ішкі өнімнің артуы. Халықтың табысы өскендіктен, олар бұл қосымша табысты тұтынуға бағыттайды. Бұл тұтынуды толтыру үшін экономика көбірек тауарлар мен қызметтерді шығарады. Бұдан біз оң нәтиже көріп отырмыз. Менің бағалауым бойынша, 60 мыңнан 70 мыңға дейін өсу үшін нақты экономиканың өсімі 0,7 пайыздық тармақты құрайды», — деп түсіндірді Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының директоры Ерділда Таутенов.
Қазақстандағы ең төменгі жалақы жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленетін ең төменгі әлеуметтік нормативтердің бірі болып табылады. Ең төменгі жалақыға қосымша төлемдер мен үстемеақылар, өтемақылық және әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ сыйлықақылар мен басқа да ынталандыру төлемдері кірмейді.
«Өткен жылы президент халыққа жолдауында ең төменгі жалақыны көтеруді тапсырған болатын. Тапсырманы орындау бойынша Еңбек министрлігі, басқа да жауапты мемлекеттік органдар және тәуелсіз сарапшылар жұмыс істеп жатыр», — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің басшысы Бағлан Қасенов.
Айтпақшы Қазақстанда 2008-2018 жылдар аралығындағы ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленіп, жыл сайын инфляция деңгейіне индекстелетін. 2019 жылы оның көлемі 1,5 есеге – 28-ден 42 500 теңгеге дейін өсті. Сол жылы ең төменгі жалақы 70 000 теңгеге дейін көтерілген.