Жетісуда жатақхана коменданты студенттер мен қызметкерлер атынан алаяқтық жолмен 24 миллион теңгеге несие алған деп хабарлайды Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметі.
«Жетісу облысы Талдықорған қалалық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағымен бірнеше рет алаяқтық жасау фактісі бойынша сотталушы С-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы С., 2021-2022 жылдар аралығында жоғары оқу орнындағы жатақхана коменданты бола тұра, интернет-банкинг арқылы алаяқтық жолмен тауарлық және ақшалай несиелер алу арқылы студенттер мен жатақхана қызметкерлерінің сеніміне кіріп16 жәбірленушіге жалпы сомасы 24 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген», — делінген жұма күні таратқан хабарламада.
2021 жылдың қазан айында сотталушы С., жәбірленушінің сенімін пайдаланып, оның құжаттарын жұмысқа қажет деген желеумен сұрап алған.
«Жәбірленушінің жеке басын куәландыратын қажетті құжаттарды алған С., микроқаржы ұйымына жасырын түрде шамамен 600 мың теңге көлемінде тауарлық несие беріп, кейін тауарды сатып, алған қаражатын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Осыдан кейін С., алаяқтық жолмен Д.-ны қарызды өз бетімен толығымен өтейтініне сендіре отырып, одан ақшалай несие алуды сұрайды. Д., микроқаржы ұйымына шамамен 560 мың теңге несие беріп, ақшаны С.-ға аударған. Бұдан кейін сотталушы Д.-ның жеке деректерін пайдалана отырып, жәбірленушінің атынан жасырын түрде түрлі микроқаржы ұйымдарынан микрокредиттер алған, қосымша байланыс ретінде ұялы телефон нөмірін көрсетіп, жалпы сомасы 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар сотталушы жатақхананың тағы 15 студенті мен қызметкерлеріне ұқсас жағдайларда және түрлі сылтаулармен алаяқтық жасап, оларға 22 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
Сот комендантты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған төрт жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады және оған пробациялық бақылау белгіледі.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.