Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында Астана мектептерінде инклюзивті білім беруге жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға қарай бұл жұмыс барлық оқу орындарын қамтиды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазір Астанада 64 балабақша мен 89 мектепте инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. 2025 жылға қарай олардың саны 100 пайызға жетеді.
Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша, елордада ерекше білім беруді қажет ететін 16 527 бала бар.
«Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тексеру үшін алты ұйым психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес береді. Жаңа оқу жылында №7 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация ашылды.Жаңа ұйым сол жағалауда орналасқан және тұрғындарға қызмет көрсетеді. Есіл ауданында жыл соңына дейін тағы бір психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация ашу жоспарлануда», — деді бұдан бұрын елорда әкімінің орынбасары Есет Бәйкен.
Осылайша, жаңа оқу жылында үш мектепте (№ 3, 31, 95) инклюзивті қолдау кабинеттері ашылды. Бүгінде қалада мектептерде 28 инклюзивті қолдау кабинеті, балабақшаларда 4 кабинет бар.