Мұғалімдер күні – білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Биыл қазақстандық ұстаздар мен тәрбиешілер өз мерекелерін 5 қазанда атап өтеді.
Бұған дейін мемлекеттік мерекелер тізбесі бойынша республикада Мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өтілетін. Қазір бұл күнді тойлау 5 қазанға әлемнің 100-ден астам елінде атап өтілетін Дүниежүзілік мұғалімдер күніне келіп тұр.
Халықаралық мерекені тойлау күні сонау 1966 жылы Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі жөніндегі арнайы үкіметаралық конференцияда анықталған. Шара нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық ұйым өкілдері (Special Intergovernmental Conference on the Status of Teachers) «Мұғалім мәртебесіне қатысты ұсыныстарға» қол қойды. Кәсіби мерекеде ұстаздар мен тәрбиешілерге құрмет грамоталары табыс етіліп, мектептерде байқаулар, концерттер, басқа да түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бүкіл әлемде және Қазақстанда мұғалімдерді еліміздің жоғары лауазымды тұлғалары, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары құттықтайды.
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығы» АҚ мәліметтері бойынша бүгінде Қазақстан мектептерінде 340 958 мұғалім жұмыс істейді. Оның 66 648-і ерлер, 274 310-ы әйелдер.
2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарының жалақысы тағы 30 пайызға өсті. 220 мыңнан астам қазақстандық мұғалім аттестация нәтижелері бойынша тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына үстемеақы алады. Мысалы, шебер мұғалім 50%, мұғалім-зерттеуші 40%, сарапшы мұғалім 35%, оқытушы-модератор 30% алады. Жалпы республика бойынша педагог-модераторлар саны – 73 820, сарапшылар – 81 168, ғылыми қызметкерлер – 71 141, магистрлер – 3482.
Төрт жылда қазақстандық мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға өсті.
2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге мынадай мөлшерде біржолғы сыйақы төленетін болды:
бірінші дәрежелі диплом және алтын медаль иегерін дайындаған оқытушыға – негізгі жалақының 26,5 еселенген мөлшері;
ІІ дәрежелі диплом және күміс медаль иегерін дайындаған оқытушыға – негізгі жалақының 17,5 еселенген мөлшері;
үшінші дәрежелі диплом және қола медаль иегерін дайындаған оқытушыға – негізгі жалақының 8,5 еселенген мөлшері.
10 жылдан бері Қазақстанда жыл сайын арнайы «Үздік мұғалім» байқауы ұйымдастырылып келеді. Оған меншік нысаны бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттық мұғалім қызметкерлері қатысады. Байқау үш кезеңде өтеді: І — аудандық/қалалық деңгей, ІІ — облыстық деңгей; III – республикалық деңгей. Кәсіби мамандар жыл сайын «Үздік педагог» атағының иегері атанып, осыған орай салтанатты түрде «Үздік педагог» төсбелгісін, сондай-ақ 3 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы алады.