Қазан айының екінші жексенбісінде Қазақстанда мүгедектігі бар жандар күні атап өтіледі. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде республикада ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту және қоғамға толыққанды интеграциялау саясаты жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚР Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар 719 мыңнан астам адам тұрады.
— Мүгедектігіне қарамастан көптеген қазақстандықтар түрлі салада табысқа жете алды. Бүгінгі таңда ерекше қажеттіліктері бар азаматтар Қазақстан Республикасы Парламентінің, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары болып табылады, мемлекеттік қызметші, мұғалім, дәрігер, инженер, заңгер, суретші және т.б. қызметтерді тізгіндеген. Бұл адамдар өз мүмкіндіктерінің шектеулі еместігін және толыққанды өмір сүре алатынын дәлелдейді: олар қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, жеке ісін дамытады, спорттың әртүрлі түрлерінде биіктерге жетеді, би және фитнеспен, скейтбордпен және атпен жүрумен айналысады», — деп атап өтті министрлік.
Соңғы жылдары мүгедектігі бар жандардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жүйесінде елеулі өзгерістер болды және әлі де болып жатыр. Елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға білім алу, еңбек ету, медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік көмек және т.б. құқықтарына кепілдік беретін Әлеуметтік Кодекс және басқа да заңдар бар.
Мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамту, арнайы жұмыс орындарын ашу шаралары жүргізілуде. Мүгедектігі бар ересектер мен балалар үшін оңалту орталықтары ашылуда.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесі жетілдірілуде. Республиканың барлық аймақтарында кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.