Бүгінде №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының базасында аутизм спектрі бұзылған ерекше балаларға арналған «Айна Like» бірінші мемлекеттік жарты күндік стационар ашылды.
Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, бұл орталықтың маңыздылығына тоқталды.
«Мамандардың айтуынша, аутизмге шалдыққан балалардың физикалық тұрғыдан сау болғанымен, олардың өзіндік әлемі бар. Біз оларды қоғамнан алшақтатпай, керісінше, олардың әлеуметтік бейімделуіне, өсуіне ықпал етуіміз керек. Тарихтан біз өнерде де небір ұлы суретшілер мен қолөнершілерде дәл осындай диагноз болғанын білеміз. Сондықтан бұл балаларды оқытудың әдістемесін дұрыс таңдасақ, балалар ортаға бейімделеді. Бүгінгі ашылған орталық бұл іске үлкен үлес қосады деп ойлаймын» — деді Серік Шәпкенов.
Орталық директоры Анар Каюпованың айтуынша, облыста аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар 203 бала есепте тұр. Аурухана Атырау қаласынан күніне екі рет 30 баланы, яғни күніне барлығы 60 баланы қабылдауды жоспарлап отыр.
«Орталықтың 10 маманы АВА терапиясы бойынша біліктілігін арттырып, арнайы курстардан өтті. Мамандар балаларға педагогикалық, медициналық және психологиялық көмек көрсетеді. Қабылдау жеке оңалту бағдарламасы бойынша жүргізіледі», — деді Анар Қаюпова.
Айта кету керек 330 шаршы метрлік орталық ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандыруға өңірдегі мұнай сервистік компаниялары демеушілік көмек көрсетті.
НКОК компаниясы ауруханаға ашық заманауи балалар ойын алаңын сыйға тартса, «Теңізшевройл» ЖШС 8 орындық такси мен оңалту жабдықтарын сыйға тартты.
Қазіргі таңда орталықта балаларға педагогикалық, медициналық және психологиялық көмек көрсететін 4 дефектолог, логопед, еңбек терапевті, емдеу және дене шынықтыру маманы, педагог, реабилитолог жұмыс істейді.