Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, қоғамға бейімдеу – мемлекет саясатының басты бағытының бірі. Өйткені олардың әрбірі – қоғамның толыққанды мүшесі. Қоларбамен қимылдағанына қарамастан, бүгінде ерекше жандар да өз мүмкіндіктері шегінде қоғамдық істерге белсене араласуда. Астана қаласындағы Сарыарқа ауданы әкімінің кеңесшісі, «Elaman» әлеуметтік-инновациялық жобалар қорының мүшесі Жанат ҚАБДУЛЛАМЕН жолығып, елордада ерекше жандарды қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде сұхбаттасқан едік.
– Қазір мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелерін шешуге және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беріледі. Себебі олар да қоғамның толыққанды мүшесі. Жалпы осы бағытта Астанада қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірін жақсарту туралы заңға қол қойғаннан кейін елімізде барлық деңгейдегі әкімдіктер жанынан аудан, облыс және қала әкімдерінің инклюзия мәселелерімен айналысатын штаттан тыс кеңесшісі тағайындалды. Мен өткен жылдың 13 шілдесінен бері Сарыарқа ауданы әкімінің инклюзия мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып жұмысқа кірістім.
Бүгінгі таңда ерекше жандарды толғандыратын мәселе көп. Солардың барлығынан хабардар болу мақсатында апта сайын аудан аумағындағы ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жеке қабылдап, көкейіндегі мәселелерді мұқият тыңдап, өзектілерін дер кезінде шешуге тиісінше назар аударып келемін.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде кез келген диалогқа әрдайым дайынмын. Жеке қабылдауыма келген адамдар түрлі өтінішпен, шағыммен хабарласады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың кейбірі баспана мәселесін, мүгедектігі бар адамдар үшін аула аумақтарында пандустың жоғын, көшедегі кедергілерді алға тартады. Соның ішінде пандустарды дұрыс орнату немесе түзету мәселелері де жиі кездеседі. Бұл ретте біз мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қала көшелері мен нысандарының қолжетімділігін тексереміз. Әкімдік өкілдерімен бірге шағымданған орындарға барып, орнатылған қондырғыларды түзету сәтін тексеріп, бақылаймыз. Осылайша, өткен жылы теміржол вокзалында, мектептерде, әлеуметтік нысандарда тексеру жүргізілді. Кейбір мәселелер бойынша ескертулер жасалды, ұсыныстар берілді. Түзету жұмыстары әлі де жүріп жатыр.
– Арбадағы адамдардың автобусқа мініп-түсуі оңай емес. Бұл ретте қаладағы автобус парктерінің жүргізушілермен жиі кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп жүрсіз. Қаладағы қоғамдық көліктерде мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету алгоритмі туралы айтып беріңізші. Нәтиже қалай?
– Елордада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аударылып келеді. Өздеріңіз білесіздер, оларға болмашы жерде кедергі көп. Осының алдын алуда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ғимаратқа кіріп-шығуына ыңғайлы пандус мәселесі қозғалып, соңғы жылдары аудандағы мемлекеттік мекемелерде стандартқа сай тәртіппен арнайы белгілер қойылуда. Арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған қоғамдық көліктер мүгедек арбаларындағы адамдарға көп күш жұмсамай және орын ауыстыру қажеттілігінсіз автокөлік салонына кіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарас өзгерген. Олардың өзге адамдармен тең дәрежеде жүріп-тұруы, кедергісіз өмір сүруі үшін соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінуде. Бас қалада ерекше жандар шынайы қамқорлыққа ие. Бүгінгі таңда Астанада 32200-дей мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың әлі де шешімін күткен мәселелері көп
Жалпы кез келген қоғамдық көлік мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді болуы керек. Мүгедектер арбасындағы адамдарды автобусқа отырғызуды және түсіруді барлық жүргізушілер білсе деген ниетпен мен CTS көлік компаниясында осы тақырып бойынша тренингтерді жиі өткіземін. Оларды автобусқа мінгізу және түсірудің белгіленген ережелері бар. Соларды жүргізушілердің есіне салып, алдағы уақытта ойламаған жерден болатын оқиғалардың алдын алуға тырысып жүрміз.
Автобусқа отыру оңай болып көрінсе де, кез келген оқыс қозғалыс мүгедектер арбасының құлап кетуіне, арбаның сынуына әкелуі мүмкін, сондықтан көру, есту және басқа да аурулары бар азаматтар үшін көптеген жайтты ескеру қажет. Өйткені бәріміздің құқығымыз тең. Автобустан түскенде пандусты ашу үшін жүргізушінің көмегі қажет. Бұл бағытта түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр, осындай тренингтерден кейін жағдай біршама жақсарып келеді. Жыл өткен сайын Астана мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді әрі жайлы бола түседі деп сенеміз.
– Бас қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қандай мәселелер толғандыратынын сіз жақсы білесіз. Солардың бастысын атап өтсеңіз.
– Күн сайын қаланың түрлі мекемесіне қоғамдық көлікпен барамын, көбінесе кездесетін проблемалар – бұл пандустардың биіктігі немесе олардың мүлде болмауы, орнату кезінде көлбеу бұрыштарының сақталмауы, мүгедектігі бар азаматтарға арналған дәретханалардың қолжетімсіздігі. Салынып жатқан жаңа аудандарда, жаңа тұрғын үй кешендерінде пандустарды, тұтқаларды, тіректерді дұрыс орнатуға, ғимараттарға кедергісіз кіруге болады. Осы ретте тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр, өзгеріс жоқ емес, бірақ кедергі мен қиындық әлі де орын алуда.
Қазіргі таңда қала көшелерінде жүретін автобустардың көбінде пандустар бар, кейбіреулері – жиналмалы, кейбіреулері – кілтпен ашылатын пандустар, ал кейбір қоғамдық көліктерде пандус мүлдем жоқ. Сол қолданыстағы пандустардың өзі кейде дұрыс ашылмайды немесе жұмыс істемейді. Біз әрбір тренингте осы техникалық мәселелерді шешуге тырысамыз. Автобус жүргізушілерімен мүгедектер арбасындағы жолаушыларға пандус ашу, автобусқа дұрыс отыруға көмектесу және басқа да мәселелер бойынша барынша толығырақ талқылаймыз.
Иә, қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері маған етене таныс. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар әйелдер мен балаларға оңай емес. Олар да қоғамның басқа мүшелері секілді жұмыс істеп, еңбек еткісі, тіпті жақсы өмір сүргісі келеді. Ол үшін мұндай жандарға кедергісіз, жайлы орта қалыптастыру қажет.
Бүгінде қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарас өзгерген. Олардың өзге адамдармен тең дәрежеде жүріп-тұруы, кедергісіз өмір сүруі үшін соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлінуде. Бас қалада ерекше жандар шынайы қамқорлыққа ие. Бүгінгі таңда Астанада 32200-дей мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың әлі де шешімін күткен мәселелері көп. Мысалы, Сарыарқа ауданындағы тұрғын үйлердің дені – өткен ғасырдың 50-60-жылдары салынған көне үйлер, олардағы лифттер тым тар, мүмкіндігі шектеулі адамдардың кіріп-шығуына өте ыңғайсыз, кейде тіпті оған сыймай қалатын кездер де болады. Егер мұндай ескі ғимараттарда мемлекеттік мекеме орналасса, тек 1-қабатта болуы керек деп ойлаймын. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық жерде тең және жайлы орта қалыптасып, ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайлы болуы керек.
– Қаладағы кейбір ғимараттарға, мәселен мектептерге, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, «Қазпошта» бөлімшелеріне кіріп-шығу мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Бүгінде көптеген мектеп, «Қазпошта» филиалдары, ХҚКО мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді. Біз елорда мектептерінде бір емес, бірнеше рет мониторинг жүргіздік, жаңа мектептер мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қолжетімді, кейде мүмкіндігі шектеулі балаларға ыңғайлы болу үшін белгілі бір қондырғыларды орнатуда қателіктер кездесіп жатады, тексеруден кейін осындай мәселелердің түзетілуін қадағалаймыз.
Мүгедектігі бар азаматтар қаламыздың ескі орталығында – оң жағалаудағы көпжылдық кейбір мекемелер осы санаттағы азаматтар үшін қолжетімсіз. Бұл аумақ бойынша да кейбір нысандардың қолжетімділігін бақылауға алып, тексеріп отырамыз.
Қалада ерекше қажеттілігі бар оқушыларға арналған мектептер бар, бірақ мұндағы пандустар, қоңырау «түймелері» дұрыс орнатылмаған. Біз оған мектептерге мониторинг жүргізу барысында көз жеткіздік. Алдағы уақытта жағдай түзеледі деген үміттеміз. ҚР Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай еліміздегі мектептер мен балабақшалар толықтай және жоғары оқу орындары мен колледждердің 70 пайызы инклюзивті білім беруге көшеді. Сол үшін қазірден бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісінше жағдай жасалуы тиіс.
Источник: astana-akshamy.kz