Астанадағы №2 қалалық емхана жанынан тек Сарыарқа мен Байқоңыр аудандарының балаларына медициналық көмек көрсететін қосымша травматологиялық пункт ашылды. Пункттің ашылуына елорда әкімінің орынбасары Евгений Глотов қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Бүгін біз балаларға арналған травматологиялық орталықтың ашылу салтанатына жиналдық. Белгілі болғандай, бүгінде елордада жарақаттар бойынша шұғыл көмекті №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы (№2 МКҚК) көрсетеді. Балалар санының артуына байланысты бізде сұраныстар көбейеді: ағымдағы жылы №2 балалар ауруханасының травматология бөліміне 70 мыңнан астам бала жүгінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл қадам ұтымды ғана емес, балаларымыздың денсаулығына қамқорлық жасау үшін де маңызды болып табылады», — деді қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов.
№2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының травматология орталығына келіп түскен шақыруларды талдау көрсеткендей, жүгінгендердің тек 5%-ы ғана көрсеткіштер бойынша госпитализацияны қажет етеді, ал қалғандары травматологияның өзінде жедел медициналық көмек алып, кейіннен амбулаториялық емделуге үйлеріне жіберілді. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова хабарлады.
«Әсіресе, шақырулардың негізгі бөлігін жеңіл жарақаттар, көгеру, сызаттар мен кесулер құрайтынын атап өткен жөн. Осыған орай, бұл травматологиялық пункттің ашылуы №2 қалалық балалар ауруханасы жанындағы бас травматологиялық пункттің жүктемесін жеңілдетеді және сол арқылы балаларға дер кезінде және қолжетімді медициналық көмек көрсетеді деп ойлаймын. Сонымен қатар егер ауруханаға жатқызу қажет болса, балалар №2 қалалық балалар ауруханасының мамандандырылған травматология бөліміне жеткізіліп, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі», — деді Әлия Рүстемова.
Айта кету керек орталықта рентген бөлімі, таңу бөлмесі, гипс бөлмесі және емдеу кабинеті бар. Бөлімшенің медициналық қызметкерлері тәжірибелі травматолог және медициналық қызметкерлерден тұрады.
Сонымен қатар бүгінде №4, 5, 6, 7, 9, 10 қалалық емханаларда жедел жәрдем 4-санаттағы балаларға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жедел жәрдем бөлімшелері жұмыс істейді.
Сондай-ақ №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасында жарақат алған балаларға шұғыл көмек көрсетіледі, ол елорданың балаларына тәулік бойы шұғыл, жоспарлы хирургиялық және травматологиялық көмек көрсетеді.