Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Айдын Мәкеновке қатысты тәртіптік іс қаралды.
Ағымдағы жылы қалалық прокуратура департаменттің талаптарды сақтау қызметіне тексеру жүргізді. Прокурорлар тұрғын үй саласындағы көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Мәселен қала тұрғыны өзі тұрмайтын, құны 20 миллион теңге тұратын пәтерді негізсіз жекешелендіріп алған. Осы факті бойынша қылмыстық бабы бойынша сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
— Пәтер беру тәртібі мен тұрғын үй алудың кезектілігін түгендеуде жүйелі заң бұзушылықтар орын алды. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кезекке қою кезінде олардың құқықтары бұзылғаны анықталды. Бір тұлғалардың кезектерінің қайталануының 10 фактісі, ұзақ уақыт бойы бос пәтерлердің болуы да анықталған. Тексеру кезінде 229 қайтыс болған және Қазақстан Республикасынан шығып, шетел азаматтығын алған 58 адам баспана кезегінде тұрғаны анықталған, деп хабарлады қала прокурорының орынбасары Асхат Әмитов.
Қадағалау органы бұл департаменттің «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды бұзуы бірінші рет емес екенін атап өтті.
Қала әкімінің орынбасары Қалия Төренова заң бұзушылықтар басқармадағы кадрлардың жиі ауысуы салдарынан орын алған деп санайды.
— Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметіне ауқымды сараптама жүргізіп, кемшіліктерді көрсеткен болатын. Құрылған түгендеу тобы көктемнен бері жұмыс істеп жатыр. Тұрғын үймен қамту аясы үлкен, адам аз. Бірақ қазірдің өзінде 12 пәтер босатылды. Оның төртеуі таратылды. Кезекте тұрғандарды таба алмай жатырмыз. Нөмір дұрыс емес немесе мекенжай дұрыс емес. Сол себепті біз әлеуметтік желілерде адамдар түзетуге келсін деп жарнама жасадық», — деп түсіндірді Қ.Төренова.
Әдеп жөніндегі кеңес А.Мәкеновке қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.