Астананың 105 мыңнан астам оқушысы елордада қаланы санитарлық тазалауға, абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты көктемгі экологиялық акцияға қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сағат 10.00-ден бастап Астананың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары өз аумақтарын тазалай бастады. Барлығы атсалысты: мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар. Қатысушылар арасында тіпті отбасымен, ата-анасымен, аға-әпкелерімен келгендер де болды.
Мектеп оқушылары экоакциядан алған әсерлерімен әлеуметтік желілерде бөлісіп, суреттерін жариялап, сенбілікке шыққан достарын белгілейді.
Бүгінгі сенбілікке 6 жасар Әлихан 5-сыныпта оқитын ағасына көмектесуге келді. Бүлдіршін осы мектепте оқуды жоспарлап, өткен тәуліктен бастап сенбілікке дайындалды.
«Менің атым – Әлихан. Мен алты жастамын. Бүгін сенбілікке ағаммен бірге ауланы тазартуға келдім. Біз мектеп ауласын тазаладық. Үйде мен анама ойыншықтарды жинауға көмектесемін. Ағаммен бірге сенбілікке тағы да келемін. Ағамның сыныптастары маған көп кәмпит берді», — деп ең жас эко-белсенді өз әсерімен бөлісті.
7 сынып оқушысы Нұрислам Бұхарбай мұндай сенбіліктерге қатысудың маңызы зор деп санайды:
«Бұл экоакция туралы интернеттен оқыдым, содан сыныптастарыммен бірге қатысатын болдым. Тіпті сенбілік кезінде тиктокқа түсіп те үлгердік. Астана құлпыра түсті. Біз табиғатқа құрметпен қарауды жақтаймыз», — деді.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Ауқымды экологиялық акция бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналады.
Бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Алғашқы аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.
Екінші аптаға «Киелі мекен» атауы беріліп, тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмысына бағытталады.
Ал 20-27 сәуір аралығындағы «Жасыл аймақ» апталығы ағаш отырғызуға, оларды ақтауға арналады.
4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталады және ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналған.
Соңғы, бесінші аптада «Мөлдір бұлақ» деп аталатын су айдындары-өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.