Ағымдағы жылдың жазында сауықтыру үшін жаңа техникалық құрал-жабдықтарды сатып алу жоспарланып отыр.
2024 жылдың шілдесінде Қазақстан мүгедектігі бар балаларды оңалтуға арналған инновациялық техникалық құралдарды сатып алуды жоспарлап отыр. Олар үйде үздіксіз оңалту үшін тегін жалға беріледі, деді Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында. Сондай-ақ «Цифрлық оңалту күнделігі» енгізіледі.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі 26 мыңнан астам мүгедектігі бар балаларды қамтиды. Мүгедектігі бар балалардың қажеттіліктерін бағалау және оңалтудың техникалық құралдарын таңдау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда (Қызылорда, Павлодар, Абай облыстарында және Шымкент қаласында). Жобада балаларды тексеру, кеңес беру, оңалтудың қолайлы техникалық құралдарын таңдау және ата-аналарды оқыту қарастырылған.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда 109,5 мың мүгедектігі бар бала тұрады. Жыл сайын орта есеппен 14 мыңға жуық бала алғаш рет тексеруден өтеді. Талдау көрсеткендей, балалық шақтағы мүгедектік құрылымындағы негізгі аурулар:
психикалық бұзылулар (24%);
жүйке жүйесінің аурулары (22%);
эндокриндік аурулар және қатерлі ісіктер.
Балаларда болатын мүгедектіктің себептерін зерттеу және оны төмендету саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысын Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы – «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ жүзеге асырады.