Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп әйелдерге арналған ақпараттық-кеңес беру орталықтарын қолдауға шақырады.
Сенатордың айтуынша, 2021 жылдан бастап елордада көп балалы және жалғызбасты аналарға, қиын өмірлік жағдайдағы аналарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеуге көмектесетін «Бақытты отбасы» орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық қазіргі уақытта әртүрлі мамандықтар бойынша 20-дан астам білім беру курстарын ұйымдастырады, оларда 2,5 мың әйел оқуды аяқтады. Оның үстіне, олардың 80%-ы өз ісін ашып, орталық заңгерлерінің қолдауымен мемлекеттік грантқа құжат тапсырып, ие болды.
— «Бақытты отбасы» білім беру орталығы бір жағынан әйелдерге рухани қолдау көрсетеді. Мұнда олар жаңа мамандықтарды меңгере алады. Екінші жағынан, бұл – халқымыздың этнографиялық мұрасы сақталып, таралатын жер. Осы орайда облыстар мен облыс орталықтарында осындай орталықтардың ашылуына қалай қарайсыз? Мемлекеттен арнайы гранттық көмек көрсетуге бола ма? Осы үлгідегі орталықтардың өнімдерін өткізуге көмектесіп, оларға қорғаныс, медицина, мәдениет салаларында жүйелі тапсырыстар қалыптастыру мүмкін бе? – деп Нұртөре Жүсіп сұрақтар қойды.