Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен жиында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Оған орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыс әкімінің орынбасарлары да қатысты.
Өңірлерде білім беру нысандарының маңындағы жол қауіпсіздігі инфрақұрылымын жақсарту бойынша жол карталары қабылданды. Мектептер, балабақшалар, қосымша білім беру ұйымдары маңында бағдаршамдар мен жол белгілерін орнату, жаяу жүргіншілер жолын реттеу шаралары қарастырылған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 13 мыңнан астам жалпы білім беру ұйымдарының маңындағы инфрақұрылым (65%) жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес келетінін хабарлады. Сонымен қатар, көрсеткішті одан әрі жақсарту үшін ағымдағы және алдағы жылдарға 28 мыңнан астам іс-шара жоспарланған. Бүгінгі таңда 570 нысанда жұмыстар аяқталды.
«Батыс Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай ауданында жол инфрақұрылымын дамыту шараларымен 10-нан аз нысан қамтылған», — деді Игорь Лепеха.
Қабылданған шаралар туралы облыс әкімінің орынбасарлары да баяндады.
— Жол карталарында бекітілген жұмыстарды мерзімінде аяқтауға баса назар аудару қажет. Күз жақындап қалды. Сондықтан жұмыс үшін қолайлы кезеңді тиімді пайдалану қажет», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Кездесу барысында білім беру нысандарының өздерінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі де талқыланды. Биыл Білім министрлігі тиісті ережелерге өзгерістер енгізді. Жаңа талаптарға сәйкес, контингенті 100 адамнан асатын барлық білім беру нысандарындағы бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына немесе аудандық ішкі істер бөліміне қосылуы тиіс. Сонымен қатар, дабыл түймелері қажет. Бұрын бұл талаптар қалалар мен облыс орталықтарындағы ұйымдарға ғана қатысты болатын.
Бұл ретте контингенті 700 адамнан асатын нысандарда турникет орнатылып, күзет ұйымдарымен келісім-шарт жасалуы тиіс.
Соның аясында өңірлерде қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жоспарлары бекітілді. Бүгінде мұндай құжаттарды Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Абай ауданының әкімдіктері қабылдаған.
Жиында таяуда Павлодар облысындағы мектепте болған оқиға да талқыланды. Білім министрлігі Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Марлен Қасеновтің айтуынша, заң білім беру нысандарына әкелуге тыйым салынған заттардың тізбесін бекітті. Өңірлер осы талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
— Білім және Ішкі істер министрліктері әкімдіктермен бірлесе отырып, білім беру нысандарына бейнебақылау камералары, дабыл түймелерін, турникет орнату жұмыстарын күшейтуі қажет. Біз балаларға қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек», — деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер мүдделі мемлекеттік органдарға білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қосымша ұсыныстар әзірлеуді де тапсырды.