Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘҚМ) азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын анықтауды есепке ала отырып атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетудің бизнес-процестерін қайта құру тетігін әзірлеуде.
Ағымдағы жылдың ақпан айында өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы халықты әлеуметтік қолдаудың құрылымы мен тетіктерін қайта қарауды, әлеуметтік көмектің тиімділігі мен атаулылығын арттыруды тапсырды.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және тексеру тетігін әзірлеуде. Бұл шынымен мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан атаулы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқу ақысын төлеуге және қосымша білім алуға, демалыс пен ойын-сауыққа, денсаулықты жақсартуға, жиһаз, тұрмыстық техника сатып алуға, несиені өтеуге және т.б. сияқты негізгі шығыстардың түрлерін қарастыру жоспарлануда.
Азаматтардың шығыстары туралы ақпаратты алу үшін тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру қарастырылуда: индустрия және құрылыс, цифрлық даму, денсаулық сақтау, білім, ғылым және жоғары білім министрліктері, Ұлттық банк және т.б.
Еске салайық, бүгінгі күні АӘК мыналарды қарастырады: табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспайтын азаматтарға тоқсан сайынғы әлеуметтік көмек тағайындау; 1 жастан 6 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасы балаларына әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде қоса алғанда ай сайынғы қосымша төлемді қамтамасыз ету; еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.