«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша елордада жазда 4200 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев айтты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жасөспірімдер мен жастардың табиғатты қорғау сезімін ояту, еңбекке деген ынтасын арттыру мақсатында «Жасыл ел» жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Бағдарламаның негізгі шарты — жас ерекшелігінде, яғни 14 пен 35 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады.
«Өткен жылы жазғы маусымда 4200 жас жұмысқа орналасса, биыл да 4200 жасөспірім мен жастарды жұмыспен қамту жоспарлануда. Жастар 64 мың теңге жалақымен және арнайы «Жасыл ел» формасымен қамтамасыз етілген. Мектеп оқушылары жоба бойынша жұмыс істеу үшін оқу орнындағы әлеуметтік педагогқа хабарласуы керек», — деді Самат Ибраев.
14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер күніне 4 сағаттан аспайтын жұмысқа тартылады. Олар елордалық саябақтарды тазалаумен, мектеп аулаларын абаттандырумен айналысады.
Өтінімдерді қабылдау 31 мамырда мына мекенжайда басталады: Б.Соқпақбаев көш, 14/4 ВП 13.
Басқармада құрылыс компанияларына жұмысқа орналасқан жұмыссыз жастар жұмыс орнынан еңбекақы алатынын, сондай-ақ «Жасыл ел» жобасы аясында 64 мың теңге көлемінде қосымша сыйақы алатынын атап өтті.
Толық ақпарат алу үшін @elorda_jastary Instagram парақшасына хабарласуға болады.