Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі Конвенциясына қатысушы мемлекеттердің 23-ші кеңесі шеңберінде БҰҰ штаб-пәтерінде әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі комитет мүшелерінің 2025-2028 жылдарға арналған сайлауы өтті.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайтында хабарланды. CEDAW-ға алғаш рет Қазақстаннан үміткер, белгілі қазақстандық дипломат Мәдина Жарбусынова сайланды. Бұл маңызды тарихи оқиға, өйткені бұған дейін Орталық Азия елдерінің ешқайсысы БҰҰ-ның осы маңызды органында өкілдік етпеген.
Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан гендерлік теңдік бойынша алға шықты. Қазақстан 146 ел арасындағы гендерлік теңдікті бағалау үшін әзірленген 2023 жылғы Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде 62-ші орынға ие болып, позициясын жақсартып, 18-орынға көтерілді.
Қазақстанмен қатар CEDAW-да 11 орынға 20 мемлекеттің өкілдері үміткер болды – Оман, Швейцария, Ливан, Нидерланд, Гватемала, Андорра, Аустралия, Непал, Грузия, Чили, Барбадос, ҚХР, Зимбабве, Бурунди, Камерун, Мозамбик, Солтүстік Македония, Уругвай, Ұлыбритания және Того.