Алматыда «Медеу» тұрғын үй кешенінде орналасқан 20 үйде халықтың әлеуметтік осал топтары арасынан кезекте тұрған 86 адамға кілттер табыс етілді.
Арнайы іс-шаралар тізбегі жаңа тұрғындарды көптен күткен баспанамен қамтамасыз етіп, қуантуды жалғастыруда. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 25 мамырында кезекте тұрған алғашқы 124 адамға жаңа пәтер кілттері табыс етілсе, 28 мамырда олардың қатарына тағы 164 жаңа тұрғын қосылды. 30 мамырда кезекте тұрған 105 адамға кілт тапсырылса, 5 маусымда кезекте тұрған 111 адамнан тұратын төртінші топқа кілт тапсырылды.
— Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2024 жылы қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміндегі азаматтарға кезектілік тәртібімен екі мың жалдамалы пәтер беру жоспарлануда. 400 пәтер жетім балаларға беріледі. Сондай-ақ, пәтерлерді басқаларға жалға беруге немесе жөндеуге болмайтынын атап өткім келеді. Жаңа пәтерлердің кілттерін тапсыру шаралары жалғасын тауып, жақын арада кезекте тұрған тағы жүздеген адам жаңа баспанаға көшу қуанышын сезінетін болады», — деді Алматы қалалық инфрақұрылымдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Жаңадан келген тұрғындардың көпшілігі жаңа үй алу үлкен қуаныш болғанын айтады.
Үш ұлдың анасы Айман Нұртаева өз эмоциясын жасырмады.
— Мен өте қуаныштымын. Біз бұл сәтті көптен күттік, 2011 жылы кезекке тұрдық. Бұл біз үшін үлкен қолдау», — деп бөлісті алматылық Айман Нұртаева.