Елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында «CHILDREN PARALYMPIC GAMES 2024» атты инклюзивті спорт фестивалінің ашылуы салтанаты өтті. Оған Қазақстанның 23 қаласынан 400-ге жуық ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастар қатысады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дәстүрлі түрде өтетін фестиваль осымен бесінші жыл қатарынан «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры мен Қазақстан бочча федерациясының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Екі күнге созылатын фестиваль мүгедектігі бар жастарды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға, жасөспірімдер арасында белсенді өмір салтын нығайтуға және қоғамдық белсенділікті, сенім мен өзара сыйластықты арттыруға бағытталған. Бұл байқаудың ерекшелігі мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар ғана емес, дені сау құрдастары да қатысып, бақ сынай алады.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры бірнеше жылдан бері елімізде бейімделген спорт клубтарының ашылуына қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын Астанада адаптациялық спорт саласында тамаша нәтижелерге қол жеткізген жас спортшылармен тұрақты кездесулер өткізіп тұрамыз. Бүгін сіздерді осы айтулы байқауда көргеніме қуаныштымын», — деді шараға демеушілік жасаған «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Әдиева.
Церебральды сал ауруы, көру, есту қабілетінің бұзылуы, Даун синдромы, аутизм, бұлшықет дистрофиясы, сөйлеу дамуының кешігуі сияқты диагноздары бар спортшылар топтарға бөлініп, тең физикалық және интеллектуалды мүмкіндіктерді ескере отырып, өзге қатысушылармен бәсекелеседі.
«CHILDREN PARALYMPIC GAMES 2024» жарысы облыстарда қалалық деңгейде өтіп, бүгінде олардың үздіктері республикалық жарыстарда бақ сынауда. Оның ішінде бочча, голбол, адаптивті жекпе-жек (каратэ, таэквондо, дзюдо), адаптивті футбол, адаптивті жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі сияқты спорт түрлері. Сондай-ақ, спорт фестивалі аясында 7 қаладан келген «инклюзивті хореография» үйірмелерінің оқушылары арасында инклюзивті би байқауы өтеді. Екі күнге созылатын фестиваль мүмкіндігі шектеулі жастарды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға, жасөспірімдер арасында белсенді өмір салтын нығайтуға және қоғамдық белсенділікті, сенім мен өзара сыйластықты арттыруға бағытталады», — деді фестиваль ұйымдастырушысы және «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Ұлжекова.