1 маусым мен 31 тамыз аралығында әр сенбі және жексенбі күндері елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Creative summer» жазғы жобасы өтеді. Оның алаңында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары, шығармашылық ұжымдардың қойылымдары, флешмобтар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Жобаның мақсаты – ортақ мәдени мұраны жаңғырту мақсатында әртүрлі жастағы ұрпақтарды тарту. Біртұтас патриоттық рухты қалыптастыру және ұлттық мәдениеттің маңызын нығайту.
Қонақтар үшін балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары, флешмобтар, сондай-ақ көше суретшілерінің қатысуы, шахмат, көп жанрдағы әртістер мен аниматорлардың қойылымдары сияқты ойын-сауықтар ұйымдастырылады.
20 шілдеде қала алаңында жоба аясында сағат 11:00-ден бастап аниматорлар өнер көрсетеді, сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін «Сабантуй» татар мерекесін ұйымдастырады, ал сағат 15:30-дан бастап «Бонус» студиясының екі сағаттық концерттік бағдарламасы өтеді.
Жексенбі күні, 21 шілдеде «Жерұйық» саябағында аниматорлар өнер көрсетеді, плэнер өткізеді. Басталуы сағат 16:00-де. Ал 17:00-ден 18:00-ге дейін Қуыршақ театрының қойылымын тамашалауға болады.
Сағат 18.00-ден 19.00-ге дейін Цирк Дю Салем өнер көрсетеді, ал сағат 19.00-ден 20.30-ға дейін әлеуметтік билер жоспарланған.