Құлсары қаласында «Ембімұнайгаз» АҚ қолдауымен оналту орталығы ашылды
Атырау облысының Құлсары қаласында 150 төсектік балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобының атынан және «Ембімұнайгаз» АҚ қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды.
Орталықтың ашылу салтанатына басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, облыс әкімінің орынбасары, мұнай саласының ардагерлері, қоғам өкілдері мен «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері қатысты. Жаңа орталық заманауи қондырғылармен жабдықталған. Олар ерекше балаларды оңалту және қолдау бойынша қызметтердің кең ауқымын көрсететін болады. 3 пен 6 жас аралығындағы балалармен білікті логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік педагогтар мен психологтар тегін жұмыс істейтін болады. Орталықтың ашылғанына ең қуанған ата-аналар болды.
Жанар Сәрсенғалиева, ерекше баланың анасы:
— Балаларымызға осындай үлкен түзету орталығының ашылғанына өте қуаныштымыз. Өйткені бұған дейін басқа қалаларға, тіпті елдерге де баруға тура келді. Бұл жол жүру жағынан да, қаржы жағынан да өте қиын болатын. Пандемия немесе су тасқыны кезінде емдеуді тоқтатқан кездер де болды.
Орталық жеке және топтық бағдарламалар арқылы ерекше балаларға медициналық және тәрбиелік көмек көрсететін болады. Кешенді түзету шаралары да қарастырылған. «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ Жылыой ауданында тағы бір жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
— Өткен жылы «Самұрық-Қазына» қоры 7 миллиард 200 миллион теңгенің 46 әлеуметтік жобасын жүзеге асырды. Өткен көктем еліміз үшін өте ауыр болды. «Самұрық-Қазына» қоры су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде 22 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Сонымен қатар шетелдік әріптестеріміз 2,5 млрд теңге көлемінде көмек көрсетті. Осы қаражатқа үш облыста спорт кешендерін салып жатырмыз. Оның бірі Жылыой ауданында салынады. Жаңа спорт кешенінің құрылысын биыл бастау жоспарлануда.