Енді ХҚО менеджерін үйіңізге шақыруға болады
Енді қазақстандықтар сервис орталығының қызметкерін үйіне шақыру жаңа қызметін пайдалана алады. Маман белгіленген уақытта көрсетілген мекенжай бойынша келе алады, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ.
ХҚО қызметкерлері төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеуден басқа кез келген мемлекеттік қызметтерді көрсете алады.
Пилоттық жоба Қазақстанның барлық аймақтарында іске қосылды. Қызметті пайдалану үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында «Жеке менеджерді үйге шақыру» тармағын таңдап, қажетті ақпаратты толтыру қажет. Өтініштер 1414 телефоны арқылы да қабылданады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мәліметтерді нақтылау және келу уақытын анықтау үшін көрсетілетін қызметті алушыға хабарласады.
— Мемлекеттік корпорация қызмет көрсетуді жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Бұған дейін біз басымдық бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында бірінші кезектегі қызмет түрлерін алу мүмкіндігін іске асырдық. Ендігі жаңалық – қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері қызмет алушыларға барады. Бұл жұмысбасты азаматтар үшін өте қолайлы қызмет», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» басқармасының төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Естеріңізге сала кетейік, Конституция күнін мерекелеуге байланысты 30 тамыз, жұма күні халыққа қызмет көрсету орталықтары, оның ішінде мамандандырылған орталықтар жұмыс істемейді.