Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) өкілдері ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Қазақстандағы Отбасы күнін мерекелеудің жаңа тұжырымдамасы туралы» атты дөңгелек үстел барысында балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің басшысы Гүлмира Жәкенқызы өз сөзінде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Ана мен баланы қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда балалы отбасыларға республикалық бюджеттен жәрдемақылардың 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төлемнің 2 түрі төленеді.
Осылайша, республикалық бюджеттен бала туғанда біржолғы жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы, бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға жәрдемақы төленеді, «Алтын алқа» алқасымен, «Күміс алқа» алқасымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, 1-ші және 2-ші дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналарға, мүгедектігі бар бала асырап отырған адамдарға жәрдемақы беріледі.
Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жүзеге асырылады.
«Биыл 3,4 миллион отбасына жалпы сомасы 1 триллион 660 миллиард теңгеге жуық әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Биылғы жылдың 7 айында 2,6 миллионнан астам отбасына әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындалды», — деді Гүлмира Жәкенқызы.
1 тамыздағы жағдай бойынша 151 мыңға жуық адам жұмыс істейтін әйелдерге жүктілігі мен босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлемдер алды, оның мөлшері соңғы 12 айдағы әйелдің орташа айлық табысына байланысты. Биыл бұл әлеуметтік төлемді 273 мыңнан астам ана алады деп күтілуде.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері ұлғайды. Бірінші, екінші, үшінші балаға – 140 296 теңге (38 АЕК), төртінші және одан да көп балаға – 232 596 теңге.
Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы баланың туу тәртібіне қарай бірінші, екінші, үшінші және кейінгі балалар – 21266 теңгеден 32859 теңгеге дейін. МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы жұмыс істейтін әйелдердің орташа айлық табысының 40% -ын құрайды.
Баяндамашы 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бірге тұратын немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі көп балалы отбасыларға жәрдемақы төлеу мәселесіне кеңінен тоқталды.
«Жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланады – 4 балалы отбасы үшін 59 183 теңгеден 8 балалы отбасы үшін 118 144 теңгеге дейін. Ал одан да көп балалы отбасылар үшін бұл сома бір балаға 14 768 теңгеге артады. Биыл бұл жәрдемақы 600 мыңнан астам отбасына төленеді, бұл мақсаттарға 474,8 млрд теңге қарастырылды», — деді Гүлмира Жәкенқызы.
Көп балалы аналардың беделін арттыру үшін «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге табысына қарамастан төленетін өмір бойы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы да тағайындалады.
Биылғы жылы бұл жәрдемақыны 238 мың анаға төлеу жоспарланып отыр, бұл мақсатқа республикалық бюджетте 70 миллиард теңге қарастырылған.
Өткен жылы қабылданған Әлеуметтік кодекс аясында мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері ұлғайтылды. Биыл бұл жәрдемақы 109 мыңнан астам адамға төленеді деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, әрбір отбасы мүшесінің табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болса, мемлекет отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы қосымша төлем қарастырылған. Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 370 мыңнан астам адамға көрсетілді.