Қарағанды облысында кезекте тұрған азаматтар жаңа пәтер кілттерін алды
Қарағанды облысында кейбір отбасылар үшін Республика күні қос мерекеге айналды.
Қоныс тойын Бұқар жырау, Нұра аудандары мен Приозерск қаласында кезекте тұрғандар тойлайды. Олардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар бар.
Нұра ауданында әлеуметтік жағынан осал санаттағы 15 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Олардың ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспаналы болды.
“Республика күні – еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы мереке. Сіздермен қуанышты оқиғамен бөлісіп, көптен күткен пәтерлердің кілттерін тапсыруға қуаныштымын. үйлеріңізде әрқашан жылулық, жайлылық, қуаныш пен шаттық болсын!” -деді жаңа қоныстанушыларды құттықтаған Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.
Ол жыл соңына дейін кезекте тұрғандар үшін тағы да үйлерді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Бұқар жырау ауданында Жаңақала, Үміткер ауылдарында жаңа үйлер бой көтерді. Сегіз отбасы жаңа баспаналы болды.
Әлеуметтік педагог әрі бес баланың анасы Айнұр Әбілғазинова үшін жалдамалы пәтерде болған бірнеше жыл артта қалды. Ол 2019 жылдан бері кезекте тұрған.
“Өте қуаныштымын, балалар бақытты. Үй жылы, барлық жағдай бар. Осындай сыйлық үшін көп рахмет!”- деп қуанышымен бөлісті көп балалы ана.
3-ші топтағы мүгедектігі бр Владимир Путятин апатты баспананың орнына жаңа үй алған. Жұбайы Бағдат Ахметова екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірді. Отбасы ескі үйде 40 жылдай тұрыпты.
“Үйіміз жарамсыз болып қалды. Гипс шыдамады. Бізге қолымыздан келгенше жөндеген едік. Тұрғын үй алу үшін кезекке тұрдық. Бүгін бізге жаңа үйдің кілті табысталды. Біз күні бойы қонақтарды қарсы аламыз. Қуанышымызды бөлісуге ауылдастар келіп, құттықтауда. Баршаңызға осындай қолдауларыңыз үшін көп рахмет!”- дейді Владимир Путятин.
Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын тұрғындарды келе жатқан Республика күнімен құттықтап, биыл 24 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізгенін, жыл соңына дейін кезекте тұрған тағы 133 адамға пәтер беру жоспарланып отырғанын айтты.
Приозерск қаласында мереке қарсаңында төрт отбасы жаңа үйдің тұрғын атанды. Олар жаңа көпқабатты үйден пәтер алды.ы