Қарағанды облысындағы мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру
Қарағанды облысында жыл басынан бері 1100 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты.
Есту және көру қабілеті бұзылған адамдарға мүмкіндік жасауға ерекше көңіл бөлінеді.
Қазірдің өзінде бұл санаттағы адамдар үшін 13 арнайы жұмыс орны ашылған. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен кезекті жиында мүмкіндігі шектеулі облыс тұрғындарын жұмысқа орналастыру бойынша атқарылған жұмыстар мен жоспарлар талқыланды.
Облыста 55 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның 30 мыңға жуығы еңбекке жарамды жаста.
Қалалар мен аудандардың әкімдіктері мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға дайын кәсіпорындар тізімін қарап, кеңейтіп, квотаны 113-тен 219 жұмыс орнына дейін ұлғайтты.
– Бүгінгі таңда 1435 мүгедектігі бар азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетілсе, оның ішінде 1107 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде бос жұмыс орындары, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, «Күміс ғасыр», «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс» жобаларына қатысу», — деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әсем Жүніспекова.
Облыста сұранысқа ие мамандықтар бойынша курстар, соның ішінде АT мамандықтары бойынша курстар ұсынылады. Жоба үш жыл ішінде 300 адамды оқытуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлікке оқыту өз бизнесін дамыту үшін грант алу мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі.
Әкімнің мүгедектігі бар азаматтар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Нияз Сүндіталев ментальді бұзылыстары бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін көтерді.
Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселені қарастыруды тапсырып, бірде-бір мүмкіндігі шектеулі жанның назардан тыс қалмауы керектігін қадап айтты.
– Бұл жұмысқа қала, аудан әкімдері белсене атсалысуы керек. Жұмыспен қамту мәселесін арнайы қарастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық өмірге тарту маңызды. Олардың жұмыс істеуіне жағдай жасау керек, өйткені олар шынымен жұмыс істегісі келеді. Біз оларға осындай мүмкіндік беруіміз керек», – деді облыс әкімі.